Бүгін мына бір сөзді оқыдым:
“Велосипед тебуді білуіңнің жалғыз себебі - сен сенген бір адамның бір күні сені қойып жіберуі еді”.
Оқып отырып, бала кезім есіме түсті.
Мен велосипед тебуді ағам жазғы демалысқа келгенде үйреніппін. Үйдің ауласында. Ағам велосипедтің артынан ұстап, мен педальді әрең басып келе жататынмын.
Есімде қалғаны, мен үнемі
артыма қарай беретінмін.
- Аға, ұстап тұрсың ба?
- Ұстап тұрмын.
Біраз жүріп тағы:
- Аға, жібермеші…
ұстап тұрсың ба?
Маған велосипедті қалай басқару керегінен бұрын, ағамның артымда келе жатқаны маңызды болған сияқты.
Ол ұстап тұрса, мен қорықпайтынмын. Құламайтыныма сенетінмін.
Сөйтіп келе жатып бір ретте құлап қалдым. Артыма қарасам…
ағам менен біраз жерде артта қалып қойыпты.
Сөйтсем, ол мені біраз уақыттан бері ұстамай келе жатқан екен. Сол кезде қатты ренжігенім есімде.
“Неге ұстамадың?
Неге жібердің?
Мен саған ұстап тұр дедім ғой…”
Бала көңіліммен оның мені алдағанына ренжігендей болдым. Мен оған сеніп келе жаттым ғой. Ол болса қолын жіберіп қойды.
Бірақ қазір сол сәтті есіме алып отырып, мүлде басқа нәрсені түсініп отырмын.
Егер ағам мені ешқашан жібермегенде, бәлкім, мен велосипед тебуді үйренбес едім. Ең қызығы ол қолын жібергеннен кейін мен бірден құлаған жоқпын.
Мен жүрдім.
Өзім.
Тек оны білмедім.
Өйткені менің бар сенімім: “ағам ұстап келе жатыр” деген ойда еді.
Сөйтсем, кейде өмір де дәл осылай екен.
Біз де біреудің қолына үйреніп қаламыз. Қайта-қайта іштей:
“Ұстап тұрсың ба?”
“Жібермейсің ғой?”
“Мен құласам, ұстап қаласың ғой?” деп сұрап жүргендей боламыз.
Ал бір күні артына қарасаң,
ол адам әлдеқашан қолыңды жіберіп қойған. Сол кезде бала кезімдегідей ренжиміз.
“Неге ұстамадың?”
“Мен саған сендім ғой…”
“Неге дәл мен қорқып тұрған кезде жібердің?”
Кейде тіпті құлағанымызға емес,
біз сенген адамның ұстамағанына көбірек жылаймыз. Бірақ уақыт өте келе бір нәрсені түсінесің:
сен ол қолсыз да біраз жер жүріп қойыпсың.
Иә, теңселдің.
Иә, құладың.
Тізең жараланды.
Қайта отыруға қорыққан кезің де болды.
Бірақ қайта тұрдың.
Сонда кейбір жіберілген қолдардың да хикметі болғанын түсіне бастайсың.
Бәлкім, кейбір адамдардың сені жіберуі сенің құлауың үшін емес, өзіңнің жүре алатыныңды түсінуің үшін болған шығар.
Ал мұсылман үшін мұнда одан да терең сабақ бар екен.
Біз кейде адамды себеп екенін ұмытып, жүрегімізбен сол себептің өзіне сүйеніп қаламыз.
“Ол барда бәрі жақсы”.
“Ол мені тастамайды”.
“Ол мені ұстап қалады”.
Бірақ адам - адам ғана.
Бүгін ұстап тұрған қол ертең жіберуі мүмкін. Сонда Алла кейде жүрегіміз жабысып қалған себепті алыстатып, себептердің Иесін қайта танытады.
Сен “ол мені жіберіп кетті” деп жылап жүргенде де өмірің тоқтап қалған жоқ.
Жылап ұйықтаған түніңнен кейін таң атты. “Енді шыдай алмаймын” деген күніңнен кейін тағы бір күнге жеттің.
Құлаған жеріңнен қайта тұрдың.
Сонда кім ұстап тұрды сені?
Бәлкім, біз өмір бойы адамдардан:
“Ұстап тұрсың ба?”
деп сұрай беретін шығармыз.
Ал бір күні артына қарап, ең маңызды нәрсені түсінеміз:
кейбір адамдар әлдеқашан қолымызды жіберген екен.
Бірақ Алла бізді сол сәтте де қараусыз қалдырмапты.
Бала күнімде ағама:
“Неге мені жібердің?”
деп ренжіген едім.
Қазір түсінемін:
кейде қолыңды жіберу сені құлатудың емес, өзіңнің жүре алатыныңды көрсетудің бір жолы екен.
Ал өмір маған одан да үлкенін үйретті:
адамның қолы жіберілген жерде бәрі бітпейді. Өйткені адамның қолы себеп қана. Ал сені шын мәнінде аман алып келе жатқан Алланың қамқорлығы




