Әкем қайтыс болғаннан кейін түсінген ең ащы ақиқатым адам әкесін… — Basqadam 🐝 — TG.ME

Әкем қайтыс болғаннан кейін түсінген ең ащы ақиқатым
адам әкесін бір-ақ рет жоғалтпайды екен…

Оны соңғы сапарға шығарып салған күні ғана емес, одан кейінгі әрбір күні қайта-қайта жоғалтады екенсің.

Қатты қиналып, телефонды қолыңа алып, әдеттегідей әкеңе қоңырау шалғың келгенде… Бірақ енді ешқашан оның “Ало, қызым?” деген дауысын ести алмайтының есіңе түскенде, тағы бір рет жоғалтасың.

Өміріңде бір қуанышты жаңалық боп, соны бәрінен бұрын әкеңе айтқың келгенде… Бірақ қуанышыңды сенен де артық көретін адамның енді бұл дүниеде жоқ екенін сезінгенде, қайта жоғалтасың.

Отбасың бір дастарқанның басына түгел жиналғандай көрінгенімен, төрдегі бір орынның мәңгілік бос қалғанын байқағанда, тағы жоғалтасың.

Бір жерден оның иісіне ұқсас иіс сезгенде…
Көшеден жүрісі әкеңе ұқсайтын адамды көргенде…
Біреу сенің атыңды ол айтқандай ерекше мейіріммен атағанда…
Жүрегің бір сәтке алданып, “Әкем бе екен?” деп елең ете қалғанда, оны қайтадан жоғалтасың.

Түсіңе кіріп, баяғыдай маңдайыңнан сипап, қасыңда үнсіз отырғанында… Оянғаннан кейін оның келгеніне қуанарыңды да, қайта кеткеніне жыларыңды да білмей, бос жастықты құшақтап қалғанда, тағы бір рет жоғалтасың.

Ал “Әкем болғанда ғой…” деп басталған әрбір сөйлем жүректің ішіндегі жазылмайтын жараны қайта ашады.

“Әкем болғанда, мен мұнша жалғыз қалмас едім…”
“Әкем болғанда, мені қорғар еді…”
“Әкем болғанда, осы қуанышымды көрер еді…”
“Әкем болғанда, бір рет болса да ақылын сұрар едім…”

Бірақ ең ауыры уақыт өте келе оның дауысын ұмытып қалудан қорқу. Жүзінің кейбір сызықтары жадыңда көмескіленіп бара жатқанын сезу. Ал жүрегің оның әрбір қимылын, әрбір сөзін мәңгі сақтап қалуға жанұшыра тырысады…

Сондықтан әкеден айырылған адамның қайғысы уақытпен өлшенбейді. Жылдар өтсе де, жүрек кей сәттерде сол алғашқы күнге қайта оралады. Себебі әкеңнің қайтыс болғанына үйренуің мүмкін… бірақ оның жоқтығына ешқашан толық үйрене алмайсың.

Адам әкесін жер қойнына бір-ақ рет тапсырады.
Бірақ жүрегінде оны өмір бойы қайта-қайта жоғалтады екен…

Әке, мен сені өткен күндерімде ғана емес, әлі келмеген күндерімде де сағынамын. Сен көре алмайтын әрбір қуанышымда, сенен сұрай алмайтын әрбір кеңесімде, сен қатыса алмайтын әрбір маңызды күнімде…

Мен сені тек бүгін жоқ болғаның үшін емес, ертең де жанымда болмайтының үшін сағынамын…
❤7💔7😭2
August 23, 2026 219 1