Екінші күн қатарынан ұйықтай алмадым. Әрі аунап, бері аунап, өзімді қинап жата бердім. Бір кезде шыдамай орнымнан тұрсам, сағат түнгі үштен асып кетіпті.
Балконда тұрған қарбызға көзім түсті. Үйге келгеніне екі аптадан асып кеткен қарбыз еді. “Кесіп жейінші” деп, жақсылап жуып, пышақты алып кесе бергенімде:
- Аллаһым, мына қарбыздың іші қазір жап-жасыл болса да, Сен оны қып-қызыл әрі тәтті ете аласың ғой. Маған сондай қарбыз етші… деп кесіп жаттым.
Әуелі иісі мұрныма келді. Сосын ашып қалсам, іші қып-қызыл…
11 келілік қарбызды сою да оңай болмады. Оны раковинаға көтеріп жууды айтпай-ақ қояйын. Онсыз да қарбыз көтермейін деп, үйге Магнумнан алдырған, биылғы алғашқы қарбызым еді. Иә, иә, алғашқы…
Сөйтіп, қарбызымды жеп боп, осыны жазып отырғанда тағы бір ой келді:
Демек, Аиш, сен екі аптадан астам уақыт балконда жатқан қарбыздың ішін көрмей тұрып-ақ, Раббыңнан оның қып-қызыл әрі тәтті болуын сұрадың. Аллаһ оны дәл сондай етіп алдыңнан шығарды. Ендеше, сол қарбызды әп-сәтте өзгертуге Құдіреті жеткен Раббың сен “проблема” деп жүрген дүниелеріңді, қиындықтарыңды, тіпті дертіңді де бір сәтте өзгерте алады ғой…
Бәлкім, осы екі күнгі ұйқысыздығымның өзі мені дәл осы сәтке алып келу үшін болған шығар. Егер ұйықтап кеткенімде, түнгі үште орнымнан тұрмас едім. Балкондағы қарбызды көрмес едім. Оны кесіп жатып, балаша Раббымнан сұрамас едім. Ең бастысы осы кішкентай жауабын да байқамай қалар едім…
Кейде біз Аллаһтан тек үлкен нәрселерді ғана сұрау керек деп ойлаймыз. Ал Ол сенің түн ортасында тәтті қарбыз жегің келгенін де біледі. Жүрегіңнен үнсіз ғана өткен ең кішкентай қалауыңды да естиді.
Мәселе қарбызда емес еді…
Мәселе Раббымның маған:
“Сенің кішкентай тілегің де Мен үшін маңызды. Ендеше, үлкен тілектеріңнен неге үмітіңді үзесің?” дегендей белгі беруінде еді.
Мен қарбыздың ішін көрмей тұрып дұға еттім. Дұға деген де осы емес пе өзі? Әлі көрмеген жақсылығыңа Раббыңнан үміт ету. Қалай боларын білмесең де, Оның Құдіретіне сену. Алдыңда тек жабық бір қабық тұрса да, оның ішінде Аллаһ сен үшін жақсылық дайындаған болуы мүмкін деп көркем ойда болу…
Өмір де кейде осы қарбыз секілді екен. Біз оның тек сыртқы қабығын ғана көреміз. Ішінде не барын білмейміз. Сыртына қарап, “бұзылып кеткен шығар”, “кеш қалған шығармын”, “енді одан еш жақсылық шықпайтын шығар” деп қорқамыз.
Ал Раббың оның ішін де,
соңын да біледі.
Бәлкім, сен “бұзылып кетті” деп ойлаған нәрсенің ішінде Аллаһ қып-қызыл бір қуаныш сақтап қойған шығар. Бәлкім, “кешікті” деп жүргенің дәл өз уақытында келетін болар. Бәлкім, “бітті” деген жеріңнен жаңа өмірің басталар. Бәлкім, бүгінгі дертіңнің ар жағында шипаң, көз жасыңның ар жағында жұбанышың, ал ұзақ түндеріңнің ар жағында жарық бір таңың күтіп тұрған шығар…
Ендеше, Аиш, сен әлі шипаңды көрмесең де, сұра. Қиындығыңның ар жағындағы жеңілдікті көрмесең де, күт. Болашағыңның ішін білмесең де,
Аллаһ туралы көркем ойда бол.
Қарбыздың іші жап-жасыл болса да, оны қып-қызыл әрі тәтті етуге Құдіреті жететін Раббың сенің тағдырыңды да әп-сәтте өзгерте алады. Денеңе шипа, жүрегіңе тыныштық, өміріңе өзің де күтпеген жақсылық бере алады.
Сен тек пышақты алып, тәуекелмен кесуге батылдық таныттың.
Ал қалғанын Аллаһ әуелден-ақ дайындап қойған еді…
Бәлкім, өміріңнің де келесі бетін ашқанда, Раббыңның сен үшін қандай әдемілік дайындағанын көріп, дәл осы түндегі сияқты таңғалатын шығарсың.
Сол кезде:
“Мен бекер үміт етпеппін. Раббым мені бір сәтке де ұмытпапты…” дерсің.
23
2
1August 17, 2026 259 1