Кейде сені қатты сағынғанымда, “Әкемнің қабіріне барып, бір сәт үнсіз отырсам ғой…” деп ойлаймын. Бірақ сенің қабірің де менен алыс
Мәдинада, Жәннатул-Бақиғта…
Мен бұл дүниеде саған жете алмаймын. Қоңырау шала алмаймын. Даусыңды ести алмаймын. “Аиш, қызым” дегеніңді қайта тыңдай алмаймын. Енді саған жететін жалғыз нәрсе менің дұғам ғана. Сондықтан сағынышымның бәрін дұғаға айналдырамын. Әр оқыған сүрәмде, әр жайған алақанымда, әр сәждемде сені Аллаға аманаттаймын.
Әке, сенің жоқтығың мені әлі де ауыртады. Бірақ сенің қайда жерленгенің жүрегіме үміт береді. Раббым сені Жәннатул-Бақиғқа жай ғана жерлемей, Жәннатында да ең көркем орыннан қауышуды нәсіп етсін.
Бұл дүниеде саған айта алмай қалған сөздерім көп. Бірақ ең бастысы біреу-ақ: мен сенің қызың болғанымды өмірімдегі ең үлкен нығметтердің бірі деп білемін. Сенің қызың боп қалуды тек осы дүниеде емес, ақыретте де қалаймын.
Мені күте тұршы, әке…
Алла қаласа, біз енді айырылыспайтын жерде қайта кездесеміз.
Сонда мен саған осы дүниеде қаншалықты қатты сағынғанымды айтып беремін…
13
6
6August 23, 2026 198 1