Бұдан тура 25 жыл бұрын, хижри 1422 жылдың Рабиғул-әууәл айында… — Basqadam 🐝 — TG.ME

Бұдан тура 25 жыл бұрын, хижри 1422 жылдың Рабиғул-әууәл айында, таңғы сағат тоғыз бен онның шамасында имам Шаматтың шаңырағында бір қыз дүниеге келді.

Сол күні анам әдеттегідей таңғы алты-жетілер шамасында әкемді мешіттегі сабағына шығарып салыпты. Өзі толғатып, қиналып тұрса да, әкем сабағына кешікпесін, алаңдамасын деп ауырғанын білдірмей, күлімдеп қана қоштасқан екен.

Әкем кеткеннен кейін анам тәтемді шақырып, ауылдағы перзентханаға барыпты. Небәрі екі-үш сағаттың ішінде мені жарық дүниеге әкелген.

Әкем қызды болғанына ерекше қуаныпты. Мен дүниеге келген күннің ертесіне Құсшы ата ауылындағы мәуліт дастарханына барады. Сол жерде Ишан атадан сүйінші сұрап:

- Кеше, Рабиғул-әууәл айының он екісінде қызды болдым. Атын кім деп қояйын? - деп сұрапты.

Ишан ата:
- Мәуліт күні дүниеге келіпті ғой, аты Мәуліт болсын, - деген екен.

Сонда әкем:
- Менің Аиша деп қойғым келіп еді… - депті.

Ишан ата әкемнің тілегін құп көріп:
- Ендеше, Аиша болсын, - деп, жаңа туған сәбиге батасын берген екен.

Осылайша, аз-ақ қалғанда Мәуліт атанғалы тұрған мен, әкемнің жүрегінде әлдеқашан таңдалып қойған Аиша есімін иеленіппін. Әкем бұған балаша қуанып, қуанышы қойнына сыймай үйіне қайтыпты.

“Аиша” - “тірі, өмірге толы әрі құштар” деген мағынаны білдіреді екен. Бәлкім, әкем бұл есімді таңдағанда, қызымның ғұмыры мағыналы, жүрегі иманды, өмірі берекелі болсын деп тілеген шығар. Сондықтан менің есімім жай ғана қойылған ат емес. Ол мен дүниеге келмей тұрып-ақ әкемнің жүрегінде аяланған тілек, маған қалдырған ең алғашқы әрі ең қымбат аманаты.

Анам әлі күнге дейін сол күндерді ерекше қуанышпен еске алады:
- Сен туған жылы біз үйлі болдық. Әкең қуанышынан маған 500 теңге берген, - дейді.

Қазір 500 теңге аз көрінуі мүмкін. Бірақ ол кезде оның құны да, қадірі де бөлек еді. Ал анам үшін сол ақша әлі күнге дейін мөлшерімен емес, әкемнің қуанышымен қымбат. Өйткені ол шаңырағына қыз келген әкенің жарына ұсынған сүйіншісі еді.

Содан кейін әр мәуліт сайын әкем Ишан атаның ауылындағы дастарханға баратын. Қайтарында мені ешқашан құр қол қалдырмайтын. Ашытқысыз, қара ұннан жабылған нанды арнайы көтеріп әкеліп:

- Бұл сенің асқазаныңа пайдалы, - дейтін.

Қалтасының бір түкпірінен міндетті түрде қауырмаш та шығатын. Әкемнің қалтасы мен үшін кішкентай ғана ғажайып әлем секілді еді: одан кейде қара нан, кейде қауырмаш, ал бәрінен бұрын әкелік мейірім табылатын.

Ол кезде қара нанның да, қауырмаштың да қадірін дәл бүгінгідей түсінбеген шығармын. Ал қазір олар мен үшін жай ғана тағам емес. Олар балалық шағымның дәмі, әкемнің алақанының жылуы, алыстан мені ойлап, “қызымның асқазанына пайдалы” деп арқалап келген қамқорлығы.

Осылайша, мен жылына екі рет туған күн тойлайтынмын. Бірі, күнтізбедегі туған күнім. Екіншісі, Рабиғул-әууәлдегі мәулітпен бірге келетін туған күнім.

Бірақ қазір ойласам, мен жылына екі рет туған күн тойламаған екенмін…

Бір күнде анам мені жарық дүниеге әкелсе, екінші күнде әкем менің туғанымды жыл сайын қайтадан қуанышпен қарсы алып отырған екен. Бірі анамның сабыры мен махаббатына толы күн болса, екіншісі әкемнің қуанышы мен мейіріміне айналған күн еді.

Мәуліттегі туған күнім менікі емес, әкемдікі секілді болатын. Өйткені оны ерекше күткен де, жыл сайын алыстан маған дәм көтеріп келіп, сол күнді жүрегінде қайта тірілткен де әкем еді.

Бүгін мен 25 жасқа толдым.

Бірақ биыл бұл күнді әкемсіз қарсы алып отырмын…

Бұрын туған күнім келгенде өзімнің тағы бір жасқа есейгеніме қуанатынмын. Ал қазір мені осы өмірге соншалықты қуанып қарсы алған адамның жанымда жоқтығына жүрегім ауырады.

Әкем тірі болғанда, бәлкім, бүгін де мәуліттен ашытқысыз қара нан мен қауырмашын көтеріп келіп:

- Аиш, қызым, бұл сенің асқазаныңа пайдалы, - дер ме еді…

Мен сол қара нанды қолыма алып, оның дәмінен бұрын әкемнің мені ұмытпай, алыстан ойлап келгеніне қуанар ма едім…

Әкем бұл 25 жасымды көрмеді. Бірақ менің есімімде оның тілегі, өмірімнің алғашқы күнінде оның қуанышы, ал әрбір мәуліттің иісінде маған көтеріп әкелген қара наны мен қауырмашы қалып қойды.

Мен дүниеге келген күні әкемнің шаңырағына бір қыз келіпті.
❤12
August 24, 2026 203