Қазіргі қоғам бұл әлемнің бір бұрышында сенің мінсіз адамың бар деп сендіріп тастаған. Махаббат туралы ұғымымыз да осының айналасында құрылып жатыр.
Бұл ұғым бізге не дейді?
Мінсіз адамың сен ойлағандай жүру керек дейді, сен құрастырған сценариймен сенің көңіліңді бағу керек дейді, сенің қажеттіліктеріңді өтеу керек дейді, сенің жараларыңды емдеп, сені бақытты етуі керек дейді, қарым-қатынаста сен ешқашан ұтылмауың керек дейді...
Бірақ маған бұл таза тұтынушы мен өнім берушінің арасындағы қарым-қатынас сияқты көрінеді. Өнімі ойыңнан шыққанша ғана өнім берушіні таңдайсың, бірге боласың. Ал ойыңмен бір ғана қыры үйлеспей қалса, ортадағы келісімді бұзасың...
Ал шын мәнінде, махаббат деген – сүйгеніңнің барлық кемшілігін көре тұра, жараларын біле тұра, қорқыныштарын сезе тұра, күн сайын «қасында боламын» деген шешімге келу. Айнымау, сатпау, сатылмау. Өйткені сүйгеніңді қалай бар, солай қабылдайсың, қысылмайсың, өзгертуге тырыспайсың, не көрсең де, бірге көресің...
Әрине ол үшін сенің ішіңде соған сай ресурсың болуы керек, мейірім құтысы толы болуы қажет, кейде тіпті жан кешу керек, барыңды қию керек... Сонда ғана қалғанының барлығы осының есебінен ырықсыз келе береді... Бір-біріңді толық қабылдай алғанда, сөйлесе, ұғына білгенде бір-біріңді ырықсыз қуантуға, жұбатуға, екеуіңе де жайлы болатындай мекен құруға да ынта-ыджаһаттарың сарқылмайды... Бәлкім... бірге қателік жасап, ренжітесің, ренжисің, бірақ сонда да ортақ шешімге келіп, сол жолда табандылығыңды азайтпайсың...
Махаббат деген алыс-берістен тұрмайды, махаббат деген ауқымы мол ұғым...
#UN_notes