Сап–көңілім сағым ойға шағылып, Қызғалдақтай жайқалады бақ-үміт… Сені… — ой таспа — TG.ME

Сап–көңілім сағым ойға шағылып,
Қызғалдақтай жайқалады бақ-үміт…
Сені ұмытқан кездерім жоқ, қадірлім,
Сені ойлап, сағынатын шақ – ұлық…

Түн ортасы… Дұға етем сопыдай,
Тәпсіріңе сана керек шоқыдай…
Әлімсақта жолыққандай рухымыз,
Шешім берші жұмбағыңа, о, Құдай…

Қиялымды болмысыңа құр түйген,
Ғаламат-ау бірге жанып, бір күйген…
Әрекетке жарымаған шарасыз,
Құтқаратын кім бар мені бұл күйден?

Сабырым да, тағатым да іркілген,
Күдігімнің кірбіңі көп түртілген….
Ей, Қуатым, кетейінші айналып,
Біз бақытты болатұғын бір күннен…

Бүгін тағы іштей мен сарылдым көп,
Арқалаған жүгімнен арылғым кеп…
Бағым болсаң, өзің-ақ жазар едің,
«Алып-ұшып келейін, сағындым!» деп.

#UN_poetry 15.04.26
❤6
April 15, 2026 493 8