Жапырақтары сыбырлаған қайың ормандары мен сұп-сұр аспан астындағы байсалды Минск — дәл қазір Белорусь жерінен жалынды сәлем.
Шығыс Еуропада орналасқан бұл ел табиғатының көркемдігімен, көшелеріндегі тәртіп пен тазалығымен ерекшеленеді. Бірақ бұл жолы мен елдің сұлулығын сипаттауға емес, Бахтияр Омаровтың жанында болып, хал-ахуалын білу үшін келіп отырмын.
Әуежайдан түсе сала бірден ауруханаға бет алдық. Айта кетерлігі, мұнда бір Беларусь рублі біздің 155 теңгеге тең. Әуежай қаладан шамамен 35 шақырым қашықта орналасқан екен. Яндекс арқылы сағат жарымға жетпей жетіп бардық.
Екі күн бұрын Бәкеміздің реанимациядан палатаға ауыстырылғанын естіп, көңіліміз бір серпіліп еді. Сөйтіп палатасына кіріп барсақ, жаңа бауырдан анализ алу үшін ота бөлмесіне әкеткен екен. Арада 15-20 минут өткенде қайта әкелді. Көре сала:
— Бәке, қалайсыз? Елден кеткелі азып қалыпсыз ғой… не мынау хал? Ет бермей жатыр ма не Сізге? — деп әзілдей бастадым.
— Енді… — деді ол сыбырлап. Көзінен моншақтай мөлдір жас үзіліп, сағынышын білдірді.
— Еее, Бәке, еркелеуге жол жоқ, тездетіп жазылу керек. Сізді әлі талай шаруа күтіп тұр. Ал Сіз болсаңыз, жаңа бауырды қабылдатпай жатыр екенсіз ғой, — деп тағы бір рет әзілге сүйеніп көңілін көтеруге тырыстым.
— Мен бе екен қабылдатпай жатқан?..
— Әрине, Сіз! Сіздің денеңізге көп көмек қажет. Жаңа бауырды тезірек қабылдау үшін жан-тәніңізбен қолдау көрсетуіңіз керек, — деп біраз әңгімелестік.
Осы кезде консилиум өткізіп жүрген дәрігерлер палатаға кіріп келді. Анализ нәтижелерін айтып өтті. Плазмаферез жасалған, бірақ ол денені әлсіретіп жатқандықтан, әзірге тоқтатуға шешім қабылдапты. Диализ кеше төрт сағат бойы жасалған екен. Билирубин, АЛТ, АСТ көрсеткіштері, гемоглобин деңгейі туралы айтты. Барлығын есте сақтай алмадым. Бірақ түсінгенім — жаңа бауыр біраз функцияларды орындай бастағанымен, толық іске қосыла алмай тұр. Өйткені дене жаңа мүшеге қарсы әрекет көрсетіп, толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіріп жатыр.
Дәрігерлер кеткесін Бәкемнің миын сәл де болса сергіту үшін әртүрлі тақырыпта әңгіме айтып, ойын басқаға бұруға тырыстым. Арасында:
— Бәке, ұнамаса айтыңыз, көп сөйлеп басыңызды ауыртсам, — десем:
— Жоқ, айта бер, — дейді жылы жымиып.
Көбірек мен сөйлеп, монологқа ұқсап кетті, бірақ бастысы — көңілін аулау. Бір кезде Бәке:
— Кәсетші, коляскамен, — деді.
— Кеттік, 1+1 кинодағыдай боламыз, — деп қалжыңдап, бірге дәлізді біраз араладық.
Кешкісін жататын қонақ үйге қайттым.
Таңертең қайта келдім. Түнде ұйықтай алмай шыққан екен. Грижасы да бар көрінеді, соның әсерінен мазасыз түн болған. Барсам, жаңа ғана көзі ілінген екен. Жанында отырған жұбайы Гүлмира жеңгемізге:
— Сіз барып сәл тынығып алыңыз. Түнімен ұйықтамадыңыз, мен жанында бола тұрамын, — дедім.
Біраздан соң Бәке көзін ашып, қолын созып амандасты.
— Түнімен көз ілмедім, — деді әлсіз дауыспен.
— Естідім, жеңгеміз айтты. Сәл тынығып алғаныңыз дұрыс болды, — дедім.
— Анар берші, — деді.
Анарды кесіп, дәндерін шығарып берейін деп едім:
— Өзім дәндерін теріп жегім кеп тұр, — деді.
Жарты анарды Бәке, жартысын мен ұрып алдық. Сосын дәлізге шығып, біраз серуендедік. Бұл жақта яғни аурухана қабырғасында өмір расымен де баяу, бірақ әр сәті мәнге толы.
Бүгін Бәкем жарады. Біраз жүріп жаттығу да жасады. Қолында қысатын резеңкемен он рет оң қолға, он рет сол қолға деп отырып жаттығу жасадық. Тамақты өзі отырып ішеді. Тәбеті шүкір, түзеліп келеді. Қазақстандағы Халил есімді досы арқылы Минскідегі таныстарына айтып ет қайнатып беріп жіберіпті. Сол еттен әр тамақ сайын екі-үш түйір жейді. Дәрігерлер: бұлшық ет пен салмақ қосу — жаңа бауырдың дұрыс жұмыс істеуіне сеп, — деді.
Серуендеп жүріп дәлізінде тұрған таразыға көзім түсіп:
— Бәке, тартылып көріңізші, қанша келі болыпсыз, — дедім.
Таразы 60,4 кг көрсетті. Өзі сенбей, қайта түсіп, қайта шықты. Бірақ нәтиже өзгермеді. Жеңгемізге айтып едік, ол кісі де:
— Реанимациядан шыққанда 55 келі еді, қалайша бес күнде бес келі қосады? — деп сенбей қойды.
Әрине, денеде сұйықтық көп болуы мүмкін. Дегенмен, аз да болса салмақ қосқанын жақсылыққа жорып отырмыз
Дұға тілекті тоқтатпайық 🤲🏼🙏🏼









