“Жақсы шайтан” Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң алғаш келген түрік ұстаздардың басынан өткен қызықтар көп қой. Солардан тағы біреуі: Қазақстанға алғаш келген кезімізде бұл елге үйренісіп кету бізге аса қиын болған жоқ деп бастады әңгімесін. - Өйткені қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілдігі ерекше әсер етті. Ата-аналарымыз алыста болса да, қазақ ағайындар бізді жетімсіретпеді. Бауырларына басып, барын бөлісіп, ақ көңілмен кең дастархан жайып, жиі қонаққа шақырып жататын. Ал біз де өз тарапымыздан аянып қалған емеспіз. Қазақ жастарына бар білгенімізді үйретуге тырыстық. Уақытымыздың көбі лицейде өтетін. Күн демей, түн демей балалармен бірге болуға құштар едік. Бір күні, күздің жайма-шуақ кешінде, тағы бір шәкіртіміздің үйіне қонаққа бардық. Үй ішіндегі көңіл-күй керемет – бәріміз мәз-мейрам боп отырмыз. Мен де көсіліп әңгіме айтып отырған едім. Бір сәт түрік тіліндегі “МЕЛЕК” деген сөздің қазақшасын таба алмай, сәл кідіріп қалдым. Содан не істерімді білмей, абдырап тұрып: — Ағай, анау шайтанның жақсысы қалай еді? – деп сұрап жібердім. Қасымда отырған оқушым таңғалып: — Шайтанның жақсысы да бола ма екен? – деді. Мән-жайды бірден түсінген үй иесі апайымыз әңгіменің арасына араласып: — А-а, ағай, сіз “періштені” айтып тұрсыз ба? – деді күле қарап. Мен де күліп жіберіп: — Иә, иә, сол ғой, — деп сөзімді жалғай бердім. Осылайша тіл үйрену жолында болған мұндай қызықты сәттер бізге де, шәкірттерімізге де ұмытылмас естелік болып қалды деп бітірді әңгімесін.
Жақсы шайтан” Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң алғаш келген түрік… — TULEBAYEV NT🇰🇿 — TG.ME
March 26, 2025 895 5 1