Бәкеңнің саулығына алаңдаған ағайынға арналады… Негізі, бірнеше күннен бері көңіліміз алаң, уайым сейіле қойған жоқ. Дей тұрғанмен, қуантатын жаңалықтар да жоқ емес! Адам ағзасы техника емес қой. Машинаның бір бөлшегін ауыстыра салсаң, ол тық-тық етіп жұмысын жалғастыра береді. Ал адам ағзасының бір мүшесін ауыстыру — өте күрделі дүние. Бәкеңнің отасы жеңіл ота болған жоқ. Таңертең ерте басталып, кешкісін бір-ақ аяқталды. Бәріміз бір деміміз ішімізде, нәтижесін күтіп отырдық. Түнде қайта ота жасалуы мүмкін деген хабар жетті. Таң атқанша тыныштала алмадық. Абырой болғанда, түнде екінші ота жасалмады. Шүкір дедік. Ертеңіне тағы күдік пен үміт аралас күн туды. Дәрігерлер: “Іште жиналған қанды алып тастауымыз керек”, — деп, екінші рет ота жасайтынын айтты. Екінші ота үш сағатқа созылды. Сәтті өтті дегенді естіп, бір жасап қалдық. Интубациядан (ИВЛ-ден) шығарып, өзі демалып жатыр деген хабар келді. Оған екі қуандық. Гемодиализ тоқтатылды — бүйрегі өздігінен жұмыс істей бастады деді. Бұл — үшінші қуаныш. Көзін ашты дегенде тағы қуаныш! Кеше алғаш рет бір кесе шай ішіпті дегенде де қуанып қалдық. Өткен сенбіден бері судан басқа ештеңе ішпеген еді. “Шай соншалықты тәтті екен”, — депті Бәкең. Қуанышымыз ұзағынан болғай! Әзірге жаңалық осындай. Реабилитация кезеңі ұзақ әрі маңызды. Енді денесі жаңа ағзаны толық қабылдап кетсін деп тілейміз. Жаратқан жар болсын! Жаны аман қалсын, бала-шағасына қорған болсын, ер азамат!
Бәкеңнің саулығына алаңдаған ағайынға арналады… Негізі, бірнеше… — TULEBAYEV NT🇰🇿 — TG.ME
May 15, 2025 1.5K 11 12