«Уа, дұғаларды қабыл етуші, кешірімі мен мейірімі мол Раббымыз!
Бізді осы қасиетті түнге жеткізгенің үшін Саған мадақ айтамыз.
Уа, Алла! Ораза, намаз, Құран арқылы рухтарымызға шипа болған Рамазан айымен қоштасудың мұңын сезінудеміз. Бізді тағы да Рамазан айына және Қадір түніне жеткізуді нәсіп ет.
Уа, Алла! Мың айдан да қайырлы осы түнде бізді кешіріміңе лайық құлдарыңнан ете гөр.
Өткен күнәларымызды кешір, жүректерімізді тазарт, дұғаларымызды қабыл ете гөр.
Уа, Раббым! Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткендей Саған жалбарынамыз:
Уа, Алла! Сен Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Бізді де кешіре гөр.
Уа, Раббым! Осы түннің құрметіне жүректерімізді Исламның нұрымен нұрландыр.
Біле тұра немесе білмей істеген барлық күнәларымызға өкініш білдіреміз.
Шексіз мейіріміңе сыйынамыз. Бізді нәпсіміздің еркіне қалдырма,
тура жолыңнан және һидаяттан айырма.
Үйлерімізге тыныштық, денемізге саулық, өмірімізге береке бере гөр.
Қиналған құлдарыңа кеңшілік, науқас құлдарыңа шипа,
ал мазлұмдарға құтылу нәсіп ете гөр.
Мұхаммед үмбетінің бірлігін баянды қыл
және бізді келесі Рамазанға күнәлардан арылған, таза жүректермен жеткізе гөр.
Дұғаларымызға “әмин” деген әр адамның жүрегіндегі тілегін
қайырлысымен нәсіп ете гөр.
Әмин.





