Сенат даму деңгейі әртүрлі елдердің ерекшеліктерін ескеретін Ең төменгі жалақы туралы конвенцияны мақұлдады. Енді ең төменгі еңбекақыны есептеу кезінде мемлекет халықаралық стандартқа сай экономикалық жағдай мен жұмыскерлердің нақты қажеттіліктерін ескеруге міндетті болады.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, енді ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) анықтау кезінде үш негізгі фактор ескеріледі:
▪️жұмыскерлердің қажеттіліктері;
▪️өмір сүру құны;
▪️елдегі экономикалық жағдай.
"Ең төменгі жалақы мөлшерін үкімет белгілейді. Бірақ бұл үдеріс тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен жүруі тиіс", – деді ол.
Сенат төрағасы Маулен Әшімбаев жаңа конвенцияның ең маңызды ерекшелігі – экономикалық көрсеткіштерден гөрі нақты адамның, яғни жұмыскердің өмірлік қажеттіліктеріне назар аудару екенін атап өтті.
Маулен Әшімбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Бұл — елдегі медиандық жалақының 30 пайызына және орташа жалақының 21 пайызына тең.
Жаңа есептеу тәсілі күшіне енген соң, ең төменгі жалақыны белгілеу кезінде жұмысшының күнкөріс деңгейі мен нақты қажеттіліктері басты өлшемге айналмақ.
Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇
https://t.me/dalafinance