Сот бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілерінің қосымша еңбек ақы алу құқығын таныды
🔹Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың 22 жеке көмекшісінің Семей қаласының жұмыспен қамту бөліміне қарсы талап арызы бойынша әлеуметтік маңызы бар істі қарады.
🔹Талап қоюшылар өздерінің ядролық сынақтардан зардап шеккен тұлғалар екенін және осыған байланысты қосымша еңбек ақы алуға құқылы екенін, алайда тиісті төлемдер жүргізілмегенін көрсетті.
🔹Даудың негізгі мәселесі тараптар арасындағы қатынастың сипатын анықтау болды: азаматтық-құқықтық па әлде еңбек қатынастары ма. Жауапкер көмекшілер қызмет көрсету шарттары бойынша жұмыс істейді, сондықтан оларға еңбек заңнамасының нормалары қолданылмайды деп уәж келтірді.
🔹Сот жұмыс жағдайларын – күнделікті жұмыспен қамтылуын, қызмет көрсетудің ұзақ мерзімді сипатын және тұрақты төлемдердің жүргізілуін зерделей отырып, еңбек қатынастарының белгілері бар деген қорытындыға келді.
Бұл өз кезегінде радиациялық қауіпті аймақта тұратын азаматтарға берілетін кепілдіктерді қоса алғанда, еңбек заңнамасының нормаларын қолдануға мүмкіндік берді.
🔹Нәтижесінде сот мемлекеттік органға заң бұзушылықты жоюды және талап қоюшыларға ай сайынғы 1,5 АЕК мөлшеріндегі «полигондық» үстемеақыны есептеуді міндеттеді. Нақты төлем сомаларын есептеу жауапкерге жүктелді.
🔹Абай облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
🔹Сот шешімі заңды күшіне енді.
https://t.me/abaisottary
September 4, 2026 21