Сондай ұрандардың бірі — нахву (синтаксис) ілімінде жиі кездесетін: Зәйд Амрды ұрды (ضرب زيد عمرا) дейтін мысалды қашанға дейін қолданбақпыз, заманға сай өзгерту керек деген ұран. Бұны өзгерткеннен не өзгермек?! Мәрфуғ болып жүрген фағил мансуб болып қала ма әлде мансуб болып жүрген мәфғул марфуғ болып қала ма?! Джон жасанды интеллекпен жұмыс істейді деген мысалды шәкірттерге түсіндіру үшін міндетті түрде тәждид/реформа дегендерді қолданып керек емес шығар.
Нахву (синтаксис) ілімінің үйренудегі негізгі мақсат — Зәйдтің Амрды ұрғандығы емес, тек сөздердің сөйлемдегі орны. Осыны үйреткеннен кейін жоғарыдағы жалған ұрандарсыз кез-келген мысалдарды келтіре беруге болады. Оның үстіне Имам Санусидің (Алла рақымына алсын):
الاعتراض على المثل ليس من دأب المحققين.
Мысалдарға сын айту ілім жолындағы табаны нық жандардың әдетінен емес —
— деген керемет сөзі бар. Соған сәйкес шәкіртінің болашақта ғалым болуынан үміт еткен ұстаз оған мәселенің өзегін үйретуге тырысуы керек. Ал мысалдар үзіліс арасында сәл де болсын дамылдамаққа айтылар дүниелер.

