Қазіргі таңда елімізде болсын, шетелде болсын шариғат оқып, білім жинап жүрген жігіттер көп. Олардың да әлсізі бар, мықтысы бар. Енді менің қазір айтатын әңгімем мықтыларына қатысты болайын деп тұр.
“Қазір адамдар тегіннің қадірін түсінбейді” деген құрып кеткір стереотипті желеу етіп алғандар көп. Солардың біршамасы шариғат оқыған шәкірт/ұстаздардың арасында да баршылық. Бір кітаптан (ақылы) дәріс бастаймын деп хабарландыру шығарады да, ешкім тіркелмеген соң “қазіргі шәкірттер білімге қызықпайтын боп кеткен” деген сықылды уәж айтып шығады. Сондай кезде “айналайын-ау, олар сенің сабағыңды не үшін сатып алуы керек” деп айтқың келеді. Адам тауар алатын кезде онымен жақсылап танысып алуы керек қой.
YouTube-та шариғат оқып жүрген шәкірттерге арналған кітаптардан қазақша дәрістер жоқтың қасы. Неге? Себебі бәрі оқыған нәрсесін ақыға үйреткісі келеді.
Қырғыз ағайындарға қарасақ олардың түрлі кітаптан өткен дәрістері толып тұр. Сол тегін дәрістерді көріп, оқыту тәсілін ұнатқан адам өзі-ақ барып сұрап тұрады, тағы ақылы дәрісіңіз болса қатысайын деп. Сондықтан материалистік ойдан арылып, оқып-білгенімізді тегін үйретуге де машықтансақ үлкен пайда болар еді.





