Құранды түсінбесе де оқудың пайдасы бар ма?
Имам Абдуррахман Аккафтан: "Құранды мағынасын білмей, түсінбей оқыған адамға оның қандай да бір әсері бола ма?" — деп сұрапты.
Ол былай жауап берген:
"Бір адам дәрі қабылдаса немесе у ішсе, қабылдаған не ішкен нәрсесінің не екенін білмесе де, ол оған әсер етеді. Ендеше Құран неге әсер етпесін? Құран одан да күштірек әсер етеді. Ал енді Құранды мағынасын біліп оқыған адамдарға оның әсері қандай болатынын ойлап көріңіздер".
Адам дәрі ішкен кезде, өзінің материалдық ағзасының қай тұсына әсер етіліп жатқанын, қандай «кодтардың» шешіліп, қандай механизмдердің іске қосылғанын білмейді. Оларды өзі де қозғалысқа келтірмейді. Соған қарамастан, адам білмей-ақ, әлгі дәрі оған өз әсерін тигізеді.
Алла Тағала ағзаның құрылысын «білмейтін» бір тас бөлшегін де шипаға себеп ете алады. Оған берген химиялық «кодты» дұға іспетті қабыл етеді.
Адам тек материалдық денеден ғана тұрмайды. Материалдық нәрселер оның тәніне қалай әсер етсе, рухани нәрселер де оның рухына солай әсер етеді.
Материалдық тағам ауыздан кіргеннен кейін оның ағзаға қалай әсер ететінін адам өзі реттемейтіні, минералдар мен элементтерге өзі бағыт бермейтіні секілді, рухани азықтың әсерін де адам өзі реттемейді. Сондықтан Құранның әсерін сезіну үшін оның мағынасын түсіну өте маңызды артықшылық болғанымен, жалғыз шарт емес.
Егер адам Құранның мағынасын түсінбесе: «Раббым сөйлеп жатыр» деген оймен тыңдай алады. Жүрегі мен ақылының құлағын соған қарай ашады.
Ал мағынасын түсінетін болса: «Бұлар — Раббымның әмірлері мен ақиқаттары» деп тәфәккур етеді, терең ой жүгіртеді. Сонда оның сол рухани дастарқаннан алатын несібесі арта түседі. Ақыл жүрекке бұрынғыдан да күшті тірек болады.