кейде бір адамның жоқтығы, бүтін бір өмірдің салмағына айналады. өмір бәріне бірдей мүмкіндік бермейтін көрінеді. бір адамның бақыты, екінші адамның орындалмайтын арманы болуы мүмкін. жүрек қабылдай алмайтын шындықтар болады.
ата-анасыз өскен немесе олардан ерте айырылған адамдарды көрген сайын жүрегім ауырады. олардың күліп жүргенінің артында қаншама сағыныш, қаншама айтылмай қалған сөздер жатыр. сол кезде ішімнен қайта-қайта бір ғана сұрақ туады: «Неге? Неге бізде бар ата-ана, оларда жоқ?»
бұл сұрақтың жауабы жоқ екенін білемін. өмірдің өз заңдылығы барын, ештеңенің мәңгі емес екенін де түсінемін. бірақ кейде жүрек бәрібір қабылдай бермейді.
әке мен ананың амандығы – күнде көзіміз үйреніп кеткен қарапайым нәрсе сияқты көрінеді. ал біреу үшін сол қарапайым дүниенің өзі – өмір бойы жетпейтін арман. біреудің күнделікті өмірі болса, енді біреулер үшін мәңгілік сағыныш.
олардың қайғысын өзімнің қайғымдай сезінемін. іштей қынжыламын. өйткені ондай сағынышты басатын сөз жоқ.
бәлкім, адам өмірдегі ең үлкен байлықтың ақша да, мансап та емес, үйіне барған кезде «келдің бе, балам?» деп қарсы алатын ата-анасының бар екендігін кейде кеш түсінетін шығар.
қолдан келер шара жоқ, бүгін тағы да іштей Алла ешкімді әке-шешесінің қадірінен ерте айырмасын, деп дұға еттім. барымыздың бағасын біліп, жанымыздағы адамдарды тірісінде жақсы көріп үлгерейік.