QA көзқарасымен 👀 Қазіргі жобада сапаға жауап беріп жүргеніме 1… — Digital Dala — TG.ME

QA көзқарасымен 👀

Қазіргі жобада сапаға жауап беріп жүргеніме 1 жылдан асты. Командаға кейін қосылсам да, аз уақыт ішінде өнімді терең меңгеріп, шешім қабылдау кезінде ықпал ете бастадым.

Бизнес-аналитик бізге тек бірнеше ай бұрын ғана қосылды. Оған дейін дұрыс жазылған юзер стори болған жоқ. Бүкіл команда болып шамамыз келгенше құжаттар дайындап жүрдік. Өзім үшін жасаған тест құжаттарым кейін толыққанды қабылдау критерийлеріне айналды.

Сол кезеңде бір жұмыстың қайта-қайта жасалатынын байқадым. Негізгі себеп – клиенттердің техникалық білімінің болмауы және ортақ шешімге бірден келе алмауы еді. Бұған біз тосқауыл қоя алмадық, тек оның әсерін азайтуға тырыстық. Осы мақсатта үш бағытта жұмыс істедік.

1️⃣ Қағида. Код емес, құндылық жазыңдар

Жобаға алғаш келгенімде ешқандай құжат болмады. “Түсініксіз болса, командадан сұрап ал” деді. Фронтендерден сұрасам: “Мен тек интерфейстің суретін салдым, мәнін білмеймін” – деді. Бұл маған өте оғаш көрінді. Кейін сол элементпен көп жұмыс істедік. Логикасы күрделі, әрі Қазақстанда қолданылмайтын дүние екен.

Бизнес құндылықты түсіну – қателікті азайтуға ғана емес, клиентке шынымен қажет шешімді жасауға мүмкіндік береді.

2️⃣ Қағида. Функция жеке жұмыс істейді, бірақ өнім бірге сөйлесін

Жекелеген модульдер талапқа сай болғанымен, өнім тұтастай қарағанда қисынсыз болып шығатын кездер көп болды. Әрқайсы жеке дұрыс код жазады, бірақ бірге қосылғанда қолданушы үшін түсініксіз жүйе пайда болады.

❗️ DoD – әр тапсырманың нақты “біткенін” өлшейтін тізім. Ол ішкі топта да, бүкіл командада да талқыланып, келісілген болуы тиіс. Бұл өнімнің логикасын сақтап, қайталанатын қателікті азайтады, бірізділігін сақтауға көмектеседі.



Ендігі кезекте бәрі талапқа сай жасалған сияқты, бірақ неге өнімді қолдану әлі де ыңғайсыз? Осы сұраққа жауап іздеуге әлек болдым…
⌛

3️⃣ Қағида. Өнім нұсқаусыз да қолданылуы тиіс
Функцияны талқылауда көп жағдайда ыңғайлылықты өз тарапымыздан бағалаймыз: қай құрал жеңіл, қай тәсіл уақытты үнемдейді. Ал нәтиже соңғы қолданушы үшін түсініксіз болды: нұсқаусыз сценарийді дұрыс орындау мүмкін емес еді.

Кейін қадамдар санын қысқарттық, экрандағы ақпаратты толықтырдық, артық элементтерді алып тастадық. Өнім әлдеқайда түсінікті болды. Бұл да бизнес құндылықты дұрыс түсінудің нәтижесі.

Жоба ішінде жаңа талаптар пайда болды, команда мүшелері ауысты, процестер өзгерді. Бірақ осы үш қағида өнім сапасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Тәжірибесімен бөліскен автор
✍️: Aruzhan Ashimakhun

#QA
Digital Dala

Сіз де тәжірибеңізбен бөліскіңіз келсе
➕ қалдырып кетіңіз
Telegram
Digital Dala
Қазақ тіліндегі IT және Технология әлемі жайлы жазбалар; сұрақтар бойынша @achilova немесе @aikerim_abdulla
❤9
September 11, 2025 423 1