Экраннан да, эфирден де - өз дауысымыз
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталғанда, көбіне мінберден жаттанды сөздерді оқитын кәсіби дикторлар мен жалдамалы актерлердің дауысын естуге үйреніп қалғанбыз. Алайда «Әділет» партиясы бұл жолы мүлдем басқа жолды таңдады. Олар жасандылықтан бас тартып, басты назарды шынайылыққа бұрды.
Бұл науқанның басты кейіпкері де, дауысы да - партияның өз кандидаттары. Олардың көбі үшін кәсіби түсірілім алаңы мен үнді жазу студиясы мүлде жаңа әлем болса да, сайлаушылармен тікелей, өз атынан тілдесуді жөн көрді. Өйткені айтылған әр сөз бен берілген әр уәденің артында шақырылған актер емес, ертең осы бастамалар үшін жауап беретін нақты адам тұруы керек.
Осылайша, әр бейнеролик пен радиоэфирден түрлі өңір мен әр салада жүрген азаматтардың өз үні шықты. Қоғам белсендісі Еділ Хамза, «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров, атом саласының маманы Бекжан Әлімқұлов, заңгер Айжан Аймағанова мен журналист Ульяна Әшімова экраннан ойларын бүкпесіз жеткізсе, қаржыгер Ренат Бектұров радио толқынында үн қатты.
Науқан тек қысқа үндеулермен шектелмей, адам тағдыры арқылы ашыла түсті. Деректі фильмдер сериясында параспортшы Айсұлу Сүлейменова, аграрлық саланың майталманы Геннадий Зенченко, балалар құқығын қорғаушы Динара Закиева, эколог Шынасыл Ерназар, белсенділер Серік Есматов пен Аят Сүгірбай, заңгер Үнзила Шапақ пен журналист Ирина Тен өздерінің өмірлік жолын, нендей шешімдер мен сезімдер оларды саясатқа алып келгенін жайып салды. Тіпті құқық қорғаушы Гүлзира Атабаеваның күресі комикс кейіпкерінің оқиғасы ретінде жаңа қырынан суреттелді.
Медиаштаб жетекшісі Әлия Адамбаева атап өткендей, бұл жай ғана түсірілім емес, халық алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіну. Бағдарламаның әрбір тармағын оны әзірлеген, оған сенетін және ертең жүзеге асыратын жандардың өз аузынан есту - шынайы сенімге жасалған батыл қадам болды.
35
16
14
3August 18, 2026 2.4K 21