Қазақстанның бірнеше өңірінде жүргізушілер АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, жаппай шағымдануда. Бірінде қозғалтқыш тұрақсыз жұмыс істей бастаған, енді бірі көлігін жөндеуге жүз мыңдаған теңге жұмсауға мәжбүр болған.
Сонда жанармай сапасын бақылауға жауапты мемлекеттік органдар осы уақытқа дейін не істеді? Энергетика министрлігі мәселе қоғамда резонанс тудырып, жүргізушілерден көптеген шағым түскеннен кейін ғана Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүргізіп, бензиннен сынама ала бастаған.
Сонда сапаны бақылау жүйесі тек көліктер бұзылып, халық шығынға батқаннан кейін ғана іске қосылды ма? Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов әзірге мәселенің нақты себебі анықталмағанын мәлімдеді. АЗС өкілдері зауытқа сілтейді, ал зауыт өз өнімінің сапасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Осы аралықта қарапайым жүргізуші нақты жауапсыз қалып отыр.
Егер сараптама нәтижесінде көліктердің бұзылуына сапасыз бензин себеп болғаны дәлелденсе, бірнеше маңызды сұрақ туындайды.
- Кім жауап береді?
- Жүргізушілердің шығынын кім өтейді?
- Сапасыз жанармайдың АЗС-ке дейін жетуіне кім жол берді?
- Ең бастысы, мұндай жағдайды алдын ала анықтауы тиіс бақылау жүйесі неге жұмыс істемеді?
Бұл жерде мәселе бір партия бензинде ғана емес. Мәселе - жанармай сапасын мемлекеттік бақылау жүйесінің қаншалықты тиімді жұмыс істеп отырғанында. Халық көлігі істен шыққаннан кейін тексеру жүргізу бақылау емес, салдармен күресу деп айтар едік.
Енді Энергетика министрлігі тек бензиннің қайдан шыққанын анықтап қана қоймай, неге бұл жағдайдың алдын алмағанын да қоғамға түсіндірсін.
https://t.me/dalainside



