Қазақ футболының трансляциясы
Қазақстан Футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың алғашқы баспасөз мәслихатында қазақ футболының көрсетілімі жайлы сұрақ қойған едім
Президент футболдың бұқаралық сипатқа ие екенін айтып, матч көрсетілімі жалпы халыққа қолжетімді болуы аса маңызды деген. Содан бері Қазақстан Премьер-лигасы, Бірінші және Екінші Лига, Әйелдер Лигасы бар, бәрі – KFF League Youtube арнасында тегін көрсетіліп жатыр.
Ал жаңа бас хатшы Скотт Манн енді чемпионат матчтарын ақылы түрде көрсетуді мақсат етеміз дейді.
Шынында, футболдың ақылы болып, клубтардың трансляциядан ақша табуын құптаймын. Премьер-лигамыз тағы коммерцияланып, клубтарымыз түскен табысқа күн көре алса, керемет емес пе?!
Бірақ әлеуметтік маңызы көп футбол қолжетімді болуы керек. Қолжетімді деп, ақысын ғана емес, сапасын айтып жатырмын. Жергілікті бюджеттен ақша алатын клуб матчтарын жергілікті жанкүйер көре алуы керек.
Кезінде Q Sport футболды өз қосымшамызда және сайтымызда көрсетіміз деп, жаңалық ашқан. Маусым бойы сол сайтарында бір де бір эфирді толық көре алмадым. Ашылмады, қатты, быжырлады, шіріді.
Енді футбол ақылы болса, Ютубтан кетсе, қайда көрсетіледі? Кинопоиск сияқты қосымшада жоғары сапада болса, онда мархаббат. Ал ыңғайсыз, қататын, тіпті ашылып болмайтын сайт-қосымшалардан көруге тура келсе және оған ақы сұраса, демек, бұл бөлек әңгіме.
Мәселе трансляция үшін 1000-1500 теңге төлеуде емес. Мәселе эфирдің қатпауын, ауылда қолжетімді болуын, көрсетілімін сапасын арттыруды қамтамасыз етуде.
Қаншама аға-аталарымыз матчтарды көреді және олар бір кофенің ақшасын трансляцияға не үшін төлеп жатқанын түсінуі керек. Ақшасын төлеп, сапасы артпай, керісінше түсіп кетсе ше?
Ютубтың жақсы жері – тегінінде ғана емес, қолжетімдігінде ғой. Бәрімізде ютуб бар және көп жерде ол қатпайды.
Ақылы жазылымға өткен соң, көрермен саны азаяды. Яғни, эфирдегі жарнаманың құны да азаяды емес пе? Пайда табамыз деп, ұтылып қалмаймыз ба?
Президент Марат Талғатұлы айтқандай футбол Ютубте қала бере ме екен?
36
3
1August 28, 2026 3.7K 2