Жұртқа еңбегіңмен емес, мінезіңмен жағасың деген. Жарықтық, Абай хакімнің айтқаны ғой деймін.
Винисиус деген талантты жігіт бар. Реал Мадрид деген клубта доп тебеді, сол жерде жүріп алмаған жүлдесі жоқ.
Дегенмен, мінезі қыршаңқы, ойындағысын ірікпейді. Ол кімге ұнасын.
Кеше Мадрид төменгі лигадан енді келген Овьедо деген клубты талқандады. Алғашқы 2 гол Мбаппенің еншісінде.
Матч барысында Винидің делебесі қозып, төрешіге өз ойын айқайлап айтпақ болып еді. Мбаппенің жылдамдығы Винидің аузынан да шапшаң екен, дер кезінде шауып жетіп, әріптесінің аузын жауып үлгерді. Әйтпегенде, қараторы жігіт қызыл қағаз алуы кәдік еді. Артынша Мбаппе ұрымтал пас шығарып беріп, Вини гол соғып, бәрі бақытты болып, барша мұратына жетті.
"Алар шағым кетсе де, айтар шағым кетпесін" дейтін халықпыз. Бірақ заман өзгерді, екінің бірі айқайлап айтқаны үшін ақшаны күреп алатын блогер емес. Дер кезінде келіп, сабырға шағыратын Мбаппе сияқты жылдам серігің табыла кетуі де неғайбіл.



















