Қазақстанда фанера жасауға арналған, от пен ылғалға төзімділігі жоғары жаңа материал әзірленіп жатыр. Оның ерекшелігі - ағаштың әр қабаты арнайы өңделеді.
Жобаны Шығыс Қазақстан облысында «Фаворит» ЖШС базасындағы команда Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Мамандар ағаштың беріктігі мен табиғи өрнегін сақтап, оның от пен ылғалға төзімділігін арттыруды көздейді.
Ол үшін шпон деп аталатын жұқа ағаш парақтарына желімдеуге дейін арнайы қорғаныш құрамын сіңіреді. Бұл ағаштың жануын және жалынның таралуын баяулатуға көмектеседі. Осылайша материалдың сыртқы және ішкі қабаттары түгел өңделеді.
Кептірудің де өзіндік тәсілі бар. Ыстық плиталар ағаш парақтарын қысып, кейін ашылып, ылғалдың шығуына мүмкіндік береді. Осы әрекет кезекпен қайталанатындықтан, оны «тыныстау» әдісі деп атайды. Кепкен парақтарға желім жағып, ағаш талшықтарының бағытын кезектестіре отырып, бірінің үстіне бірін қабаттайды. Содан кейін ыстық преске салады.
Дайын материалды салқындатып, шеттерін кеседі, бетін тегістейді. Сапасын тексеріп, отқа төзімділігін арнайы сынақтан өткізеді. Кәдімгі бөрене осындай бірнеше кезеңнен өтіп, қорғаныш қасиеттері күшейтілген материалға айналады.
Осы технология бойынша өнім шығару үшін Ғылым қорының грантына өндірістік желі сатып алынды. Жабдық желімдеу, престеу және тегістеу жұмыстарын атқарады. Бұл жоба тобына өз әзірлемесін өндіріске енгізіп, нарыққа отандық өнім ұсынуға мүмкіндік береді.
Ғылым қорының мақсаты - осындай әзірлемелердің нақты өнімге айналуына көмектесу. Ғалымдар ұсынған технология елімізде өндіріліп, қолданысқа енгенде, ғылыми жұмыстың нәтижесін қоғам да көреді.