Байжігіттің қас тұлпарға арналған екі туындысының бітімі бөлек. Бұлар… — Sandyq nota (Сандық нота) — TG.ME

Байжігіттің қас тұлпарға арналған екі туындысының бітімі бөлек. Бұлар — «Кербалақ» пен «Көкбалақ». Кербалақ – алдымен ауыздығымен алысқа жер тартып, шыр-көбелек ай-нала ойқастап, тізгін босасымен сұрыла жөнелген қаз мойын арғымақты, ал Көкбалақ – бірден-ақ жер топылта, ырғи зымыраған және көмбеден қарақшыға дейінгі аралықта әуелгі қарқынынан танбаған, тегеурінді тұлпарды сипаттайды. «Кербалақта» салтанатты шеру лебі, «Көкбалақта» серпінді қайрат сарыны басым, әйткенмен қос күйдің тоғысар арнасы ортақ. Ауыздығын қарыш-құрыш шайнап омыраулай, ұмтыла орғыған ат шабысының аясына құрылған күй әуені, самал жел ескен сары арқаны, оның тұңғиық көк аспаны мен қызыл изен, боз жусанды кең даласын көзге елестеді, сол ашық аспан аясында, сайын сахара төсінде тіршілік кешкен, көшпенді қазақтың рухани әлемін алға тартады. «Көкбалақ» пен «Кербалақтан» жаугершілік заманда жасаған бабамыздың өр көңілінен дархан жаны, оның бойындағы сарқылмас жігер мен болашақ жарық күнге ұмтылған өшпес үміт көрініс тапқан. Мұхтар Мағауин. «Күй иесі Байжігіт» // «Жұлдыз» журналы. 1976ж № 9 саны. 183 бет

❤13🔥7
June 24, 2025 9.7K 7