Ананың дұғасының маңызы
Имам Сүләйм ибн Айюб (Алла оны рақымына бөлесін) өзінің Рәй қаласындағы балалық шағы туралы былай әңгімелеген:
“Бір күні он жасымда балаларға Құран үйретіп отырған бір шейхтың сабағына бардым.
Шейх маған:
— Жақындап кел де, жатқа бір нәрсе оқып бер, — деді.
Мен «Фатиха» сүресін оқуға тырыстым, бірақ оқи алмадым. Сонда ол:
— Анаң бар ма? — деп сұрады.
— Иә, бар — деп жауап бердім.
— Одан сен үшін дұға етуін сұра. Алладан саған Құранды дұрыс оқуды және білім беруді тілеуін өтін — деді.
— Жақсы, — дедім мен.
Үйге келген соң анамнан мен үшін дұға етуін сұрадым. Ол мен үшін дұға етті.
Кейін мен ер жетіп, Бағдадқа кеттім. Ол жерде араб тілін және фиқһ ілімін оқыдым. Біраз уақыттан кейін туған қалама қайтып келген соң, бір күні мешітте отырып, бір кісімен «Мухтасар әл-Музәни» кітабын талқылап отырдым.
Кенеттен әлгі шейх кіріп келді. Ол бізге сәлем берді, бірақ мені танымады. Сосын әңгімемізді тыңдай бастады. Алайда айтып отырған нәрселерімізді толық түсіне алмады. Содан кейін:
— Мұның бәрін қалайша үйренуге болады?! — деді.
Сол кезде мен оған:
— Егер анаң бар болса, одан сен үшін дұға етуін сұра — дегім келді.
Бірақ ұялып, бұл сөзді айта алмадым..
#ізгілердің_өмірінен


