“Құран оқитын мұсылманның мысалы хош иісті, дәмі тәтті цитрус сияқты. Құран оқымайтын мұсылманның мысалы дәмі тәтті, бірақ иісі жоқ құрма сияқты. Құран оқитын мұнафықтың мысалы хош иісті, дәмі ащы райхан тәрізді. Құран оқымайтын мұнафықтың мысалы дәмі ащы, иісі жоқ ащы қарбыз тәрізді” (Бұхари риуаяты).
1️⃣ “Цитрус сияқты” - цитрус жемістерінің пайдасы мен әсері баршамызға мәлім. Құран оқитын мұсылманның оған теңелуі бекер емес. Құран - көңілді нұрға бөлейді. Ал Құран оқыған кісінің сөзі де, өзі де жұмсақ, жанға жайлы болады. Жүзінен цитрустың иісі аңқығанындай нұр шашырап тұрса, сөзінен цитрустың тәттә дәміндей ерекше дәм білінеді.
⏩️ Пайғамбарымыздың ﷺ “иісі” мен “дәмі” деуі бекер емес. “Иіс” деп - мұсылманнның Құранды қырағат қылуын сипаттаса, “дәмі” деп - мұсылманның иманын сипаттаған. Бұны хадистегі келесі сөздер растайды.
2️⃣ “Құрма сияқты” - Құран оқымайтын адамның мысалы. Алдыңғы мұсылман сияқты “иісі” - қырағаты болмауы мүмкін, бірақ “дәмі” - иманы бар. Иісі сезілмесе де сөйлесіп, пікірлескен адам ол мұсылманда мұсылмандықтың дәмін, негізін сезеді.
⏩️ Бұдан, күнделікті Құран оқып жүрудің қаншалықты маңызды екенін байқауға болады. Сондықтан да, нақшбандия тариқатында хадистерге негізделіп таң намазынан соң “Йәсин” сүресін, бесіннен соң “Фатх” сүресін, екінтіден соң “Нәбә” сүресін, ақшамнан соң “Уақиға” сүресін, құптаннан соң “Мүлік” сүресін оқу дәстүрі бар. Бізде де бұл дәстүр сақталған.
⏩️ Бұған шамасы келмеген кісі, тым болмаса, таңертең-кешке өзі білетін (мысалы, Фатиха, Ықылас, Фалақ, Нас т.б) сүрелерді күнде оқып жүруі керек. Оның пайдасы зор.
3️⃣ “Ащы райхан тәрізді” - Құран оқитын мұнафықтың “иісі” - қырағаты болғанымен де, “дәмі” - ықыласы, илануы болмайды. Сондықтан да, қырағаты әсерсіз боп, сөзінің басқаға тәсірі болмайды.
⏩️ Райханның хош иісі, әдемі түрі бар, иә. Бірақ дәмі ащы (бала күнінде аулада ойнап жүргенде шайнап көргендер біледі). Тура сол секілді қырағаты бар мұнафықтың да иісі аңқып тұрғанымен, онымен жақын араласқанда дәмінің жоқтығы білінеді.
4️⃣ “Ащы қарбыз” - иісі де жоқ, дәмі де жоқ. Ащы қарбыз - егістік арасында өсетін жабайы қарбыз түрі. Оның иісі сасық, дәмі татымсыз болады. Мал да жемейді.
⏩️ Мұндай мұнафықтың “иісі” - “қырағаты” да, “дәмі” - “ықыласы” да болмайды. Осы тұрғыдан ол еш пайдасы жоқ ащы қарбызға ұқсайды.
⏩️ Хадистен Құран оқу мұсылманға “иіс” сыйлайтынын пайымдауға болады. Дұрыс, бәрімізде “дәм” - “иман”, “ықылас” бар. Дегенімен де, дәм мен бірге хош иіске де ие болу үшін Құдай сөзі Құран оқуды тастамаған жөн.
⏩️ Иманды, ықыласты болумен қатар күнделікті Құран қырағат етіп жүру адамның жүрегін нұрландырып, көңілін жадыратады. Жолын ашып, рызық-несібесін арттырады. Иісі аңқыған нәрсеге бәрі құмар болғандай ондай мұсылманға да жақсылық үйір болады.
#мұсылманның_мысалы
t.me/molda_paqyr








