блогер-ұстазалар
бүгінде әйел жамағатының, тіпті әйел ұстаздардың жағдайы өте ауыр. сөгілетін, айыпталатын істері аз емес. соның бірі — блогерлік.
олардың әлеуметтік желідегі парақшаларында шариғатқа сай келмейтін қаншама нәрсе бар:
• профильдері ер де, әйелге де доступно;
• тағатын орамалдары мен киетін киімдері шариғат талаптарына сай емес;
• боянып, сәнденіп, бар әсемдігін көпшілікке паш етеді;
• ілім таратудың, әйел жамағатының көзін ашып, білім берудің орнына пайдасыз трендтер түсіріп, «ұстаз» деген дәрежеден «блогер» деңгейіне түсіп отыр.
шын мәнінде, ұстаздарға білім берілді. олардың халық алдындағы міндеті — сол білімнің ақысын өтеу, ілімнің аманатын орындау. ал әйел жамағаты білімге өте мұқтаж. надандық белең алып, феминизм сынды түрлі идеологиялар адамдардың санасын жаулап бара жатқан кезде осыған алаңдап, қайғырып жүрген ұстаз бар ма?
оның орнына олар блогерлерді қонақ етіп шақырып подкаст ұйымдастырып жүр. орамал тақса болды, блогерлерден пайда алуға болады деген түсінік қайдан шықты? олар ілім адамдары емес екені белгілі, онда оларды арнайы қонақ етіп, құрметпен шақыратындай қандай себеп бар? подкаст түсіруге кететін уақыт пен шығынды ілім таратуға жұмсаған әлдеқайда абзал емес пе еді? сол шыққан подкасттардан жамағат қандай пайда алады? пайдасынан гөрі зияны басым іс емес пе?
сонымен қатар ең маңызды мәселе — ол блогерлердің ақыры бізге белгісіз. кеше ғана құрметтеп шақырған блогер бүгін орамалын шешіп тастап, соның кесірінен адамдар жаңылысып қалып жатыр.
блогерлермен араласады екен, ілім үшін жаны ауырған адам сол мүмкіндікті пайдаланып, оларға ілім үйретіп қалуға тырысар еді. солардың аудиториясы арқылы ілім таратып, қыздарды дәрістерге шақыруға тырысар еді.
ал біздің кейбір ұстаздарымыз керісінше, блогерлерді жинап, соларға дін үйретудің орнына өздері сол блогерлерден бір нәрсе үйренуге тырысып, қоғамға дұрыс емес үлгі мен түсінік көрсетіп жүр.
жамағат подкастқа, эмоцияға тойды, оларға дәріс, жүйелі, сатылы білім керек.
ұстаздың дәрежесі — халыққа еру емес, халыққа дұрыс бағыт көрсету; халықпен бірге адасу емес, халықты адасушылықтан шығару. ілім берілген адам сол ілімнің аманатына жауапты.