КҮЛДІР-КҮЛДІР КІСІНЕТІП Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Күдеріден бау тағып, Қамқапты киер ме екенбіз?! Өзенге бие байлатып, Төскейге орда орнатып, Төрткілдеп ошақ қаздырып, Төбел бие сойғызып, Төменде бидің кеңесін Біз де бір құрар ма екенбіз?! Кеуде бір жерді жол қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам! Ерен дарып ер болсам, Қыдыр дарып бай болсам. Орыс-қазақ шекара Ауызында мен болсам. Асқар бір тауды жайласам, Желілеп бие байласам, Күнде жиын, күнде той, Қыз-бозбала ойнатсам. Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Құлаты тауға қол салып, Садақтың оғын мол салып, Бетпақтың ен бір шөлінен Төтелеп жүріп жол салып, Қолды бастар ма екенбіз?! Майданда дабыл қақтырып, Ерлердің жолын аштырып, Атасы басқа қалмақты Жұртынан шауып бостырып, Түйедегі наршасын, Әлпештеген ханшасын Ат артына мінгізіп, Олжа бір қылар ма екенбіз?! Тентегін түзеп байқа деп, Ішінен биді сайлатсам, Құлым бір ұлдай киінсе, Көркемін көрген сүйінсе, Атымтай Жомарт секілді Атағым жұртқа білінсе! Алмасын арнап суарып, Ақ сауыт соқса зергерім, Таудағы сала бұғыны Аңдып бір атса мергенім! Өзім бір бөлек жайласам, Жігіттен нөкер сайласам, Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр, Жауда малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе! Май жемесе қонағым, Қан жемесе барағым, Он кісіге татыса Бір кісілік табағым! Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Төскейде кеңес топтанып, Жақсылар үйде баптанып, Нөкерлер жүрсе сап түзеп, Қос-қосымен шаттанып. Қиуадан ақыл алатын, Қияннан айла табатын Ерлерден салсам нөкерді Дұшпаннан кекті алатын! Жоны жалпақ жотадай, Мойны бір жуан бұқадай, Палуаннан нөкер барлатып, Күреске салар ма екенбіз?! Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Көкорай көктем болғанда Дауысы бар азандай, Желіні бар қазандай, Жаралы қудай ыңырантып, Жарылған мұздай күңірентіп, Айрауықтың ащы күйіндей Боталаған бозінген Қайырып боздап күйлентіп, Азан да қазан, у да шу Ол да бір алса мазамды-ай! Алғайдың құба жонына Жайылған малым сыймаса, Жүз бүркеншік, жүз қоспен Қатар жүріп жинаса! Көк алалы көп жылқы Көлге түссе көз жетпей, Санап санын алуға Есебіне жан жетпей... Елден-елді аралап, Тектіден-текті саралап, Беглердің қызын айттырсам, Нұсқасын байқап шамалап. Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз?! Жүз нарға кілем жаптырып, Қазақтан сәнін арттырып, Ұзатып алсам сәнменен, Көңлімді хош таптырып! Сынға бір толса сияғы, Әлпеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған Қымбатты гауһар бағасы. Бала берсе тезінен, - Пірлердің бітіп демінен, Шілтеннің тиіп шылауы, Артылып туса өзімнен! Осындай берген дәулетті Көтеріп тұра алар ма екенбіз?! Ақтамберді Сарыұлы
18
8
4