♻️Қазақстандық ет экспорты: өсім, жаңа нарықтар және сапаға қойылатын талаптар
🔹Қазақстанның ет өнеркәсібі экспорттық әлеуетін жыл сайын арттырып келеді. 2022 жылы ет және ет өнімдерінің экспорты $156,2 млн болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш $270,4 млн-ға жетті. 2026 жылғы қаңтар–мамыр айларында экспорт көлемі тағы 27,7%-ға өсіп, $118,8 млн болды.
🔹2025 жылы экспорттың негізгі драйверлері - сиыр еті ($123 млн, +34,5%) және қой еті ($84,2 млн, +49%). Бұл ретте ет өнімдері бойынша сауда балансы алғаш рет оң көрсеткішке шығып, +$3,8 млн құрады, ал бір жыл бұрын –$17,1 млн болған.
Сонымен бірге, экспорт географиясын кеңейту маңызды. Қазіргі таңда сиыр етінің негізгі бөлігі Өзбекстан нарығына бағытталады: 2025 жылы экспорттың 71,2%-ы, ал 2026 жылғы қаңтар–мамырда 75,6%-ы осы нарыққа тиесілі. 🔹Сондықтан алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі - Қытай, Парсы шығанағы елдері және Азияның басқа да перспективалы нарықтарына шығу арқылы экспортты әртараптандыру.
🔶19 тамызда Астанада ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс еті, балық және олардан жасалған өнімдер» бойынша 27-ші пленарлық отырыс аясында ет өнімдерінің сапасына арналған форум өтті.
Форумға Қазақстан, Қытай, Үндістан, Жапония, Кения, Малайзия, Мозамбик, Ресей, Швеция, Танзания және Уганда өкілдері қатысты. Халықаралық сарапшылар мен мемлекеттік органдардың қатысуы ет өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі, стандарттау және халықаралық нарықтарға шығу талаптарын талқылауға мүмкіндік берді.
🔹Форум барысында Қазақстанның ет өнеркәсібінің жыл сайынғы іске асырылмаған экспорттық әлеуеті $167,4 млн деп бағаланды. Оның 93%-ы дайын өнімге тиесілі. Бұл - өңделген өнім өндірісін, салқындатылған ет бөліктерін және қосылған құны жоғары өнімдерді дамыту үшін үлкен мүмкіндік.
🔹Осы бағытта стандарттау, сертификаттау, ветеринариялық талаптарға сәйкестік және «фермадан сөреге дейін» өнімнің қадағалануы ерекше маңызға ие. Халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін сапалы өнім өндірумен қатар, оның сапасы мен шығу тегін халықаралық талаптарға сәйкес дәлелдеу қажет.
🔹Форум жұмысына QazTrade өкілдері мен Акселерация бағдарлама аясында отандық компаниялармен тікелей жұмыс істейтін акселераторлар да қатысты. Акселераторлардың қатысуы халықаралық талаптарды экспортқа дайындалып жатқан қазақстандық кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерімен байланыстыруға мүмкіндік береді.
🔹Қазақстанның алдында тұрған міндет - ет өндірісінің көлемін ғана арттыру емес, экспорт географиясын кеңейту, терең өңдеуді дамыту және халықаралық стандарттарға сай, жоғары қосылған құны бар қазақстандық өнімнің үлесін арттыру.
#QazTrade #MadeInKazakhstan #ExportAccelerationProgram #Экспорт #Қазақстан #ЕтӨнеркәсібі #Агроэкспорт #ЭкспорттықӘлеует #ISO #Стандарттау #ҚазақстандықӨнім