ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АНА СҮТІМЕН… — ҚР Денсаулық сақтау министрлігі | Министерство здравоохранения РК ⚜️ — TG.ME

ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АНА СҮТІМЕН ҚОРЕКТЕНДІРУ ЖӨНІНДЕГІ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ ЖАҢАРТЫЛДЫ

⚡️ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) және Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Балаға ізгі ниетпен қарайтын ауруханада ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру» жобасы шеңберінде медицина қызметкерлеріне арналған «Балаға ізгі ниетпен қарайтын ауруханада ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру. Ауруханаларда ана сүтімен қоректендіруге қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі ДДҰ/ЮНИСЕФ қайта қаралған бастамасы» оқу-әдістемелік құралы жаңартылды. Құжат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

«Біз ана сүтімен қоректендіруді қолдаудың жеке бастама емес, ана мен баланың денсаулығын сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуына ұмтыламыз. Әрбір әйел тұрғылықты өңіріне қарамастан, медициналық ұйымда бірыңғай заманауи стандарттарға негізделген білікті көмек алуға мүмкіндікке ие болуы тиіс. Жаңартылған оқу-әдістемелік құрал және ұлттық тренерлерді даярлау – мұндай тәсілдерді еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде енгізуге жасалған маңызды қадам», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.


📚 Оқу-әдістемелік құрал босандыру және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының басшыларына, акушер-гинеколог дәрігерлерге, неонатологтар мен педиатрларға, сондай-ақ ана сүтімен қоректендіруді қорғау, қолдау және ынталандыру бағдарламалары бойынша ұлттық және өңірлік сарапшылар мен үйлестірушілерге арналған.

«Бүкіл әлемде балалардың жартысынан азы өмірінің алғашқы алты айында тек қана ана сүтімен қоректенеді, Қазақстан да бұдан тыс емес. Бұл – сын-қатер, сонымен қатар бірлескен жұмыс жүргізуге мүмкіндік. Ана сүтімен қоректендіруге қолайлы жағдай жасау – денсаулық сақтау жүйесінің ортақ жауапкершілігі. ДДҰ Қазақстанға ана сүтімен қоректендіруді ілгерілету және балаға ізгі ниетпен қарайтын ауруханалар желісін қалпына келтіру бағытында бұдан әрі де қолдау көрсетуге дайын», – деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі, доктор Скендер Сыла.


⚜️ Оқу-әдістемелік құралды Қазақстандағы неонатология саласының жетекші мамандарының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тамара Курмангалиевна Чувакова Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің техникалық қолдауымен әзірледі.

🤱 Ана сүтімен қоректендіру – бала үшін маңызды қорек көзі ғана емес, сонымен қатар оның денсаулығын сақтаудың негізгі шараларының бірі. Ол инфекциялар қаупін төмендетуге, оңтайлы өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді перспективада денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.

🙌 Ана сүтімен қоректендіру тәжірибесінің жеткіліксіз болуы балалар мен аналардың денсаулығына ғана емес, елдердің экономикалық әл-ауқатына да әсер етеді. ДДҰ-ның бағалауынша, жаһандық ауқымда ана сүтімен оңтайлы қоректендірмеуге байланысты жыл сайынғы экономикалық шығын 257-ден 341 млрд АҚШ долларына дейін бағаланады.

Осы тұрғыда медициналық ұйымдарда ана сүтімен қоректендіруге қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ әйелдермен және отбасылармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің құзыреттерін арттыру ерекше маңызға ие.

Оқу-әдістемелік құралды әзірлеу және жетілдіру барысында материалдарды талқылауға және жетілдіруге қатысқан денсаулық сақтау жүйесінің сарапшылары мен мамандарының да үлесі ескерілді.

📌 ДДҰ/ЮНИСЕФ-тің «Балаға ізгі ниетпен қарайтын аурухана» бастамасы денсаулық сақтау жүйесінде ана сүтімен қоректендіруге қолайлы жағдайлар жасаудың негізгі тәсілдерінің бірі болып табылатынын айта кеткен жөн. Бұл бастама медициналық ұйымдарға бала дүниеге келген алғашқы сағаттардан бастап аналарды қолдайтын тәжірибелерді қалыптастыруға, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің білімі мен дағдыларын нығайтуға мүмкіндік береді.

⬇️⬇️⬇️
August 31, 2026 361 1