Бірақ қазіргі тірлігі күйкі, мимырт. Уақыт өтіп барады, тындырған түгі жоқ. Мәселен, кеше түстен бүгінгі түске дейінгі бір тәулік ішінде не бітірді? Жарайды, уақа емес, емтиханнан шаршаған шығарсың. Ал сонда бос кеткен күнің осы ғана ма? Мұндай күннің талайы кеткен жоқ па… Қор боп, жылап кетіп жатқан жоқ па… Өстіп кете бермек пе? Сонда отызға келгенде, қырыққа келгенде кім боласың? Елуге не бетіңмен жетесің? Елуге жете қойсаң жақсы, үлесіңе берілген өмір өлшеулі, одан әлдеқайда аз болса қайтпексің? Тағдырдың пешенеге жазған еншісі қарашы жұрттан өзгеше болса, өзгеше екеніне сенімді болсаң неге еңбек етпейсің, неге жан қинап терлемейсің? Бар ойы – қарын қамынан аспаған қаса наданнан не айырмаң бар?
Мұхтар Мағауин «Көк мұнар»
@kitapuzindisi

