Мәуліт жыры
Ол келгенде көктен түсті алып нұр,
Оны барлық әлем жақсы танып тұр!
Таулар жылжып, теңіз толқып тынымсыз
Ол келгенде бола алмапты қалыпты.
Қараңғылық жайлағанда жер бетін,
Түзу жолды нұсқайды екен елге кім?
Деген талас тудырғанда ойшылдар
Көрсетіпті Ол өзінің келбетін.
Тас мүсінге табынғанда адамдар,
Көбейгенде қатігездер, надандар,
Хақ тағала бір Елші жіберіпті,
Дегендей қып: "Дінсіздерге жазам бар!"
Арқалаған ауыр жүкті, міндетті,
Үлгі етсін деп дүйім халық сүннетті,
Әділетсіз, теңдігі жоқ заманның,
Нәби келіп ұстанымын күйретті.
Хира үңгірі оранғанда жарыққа,
Салғандай боп Оны бейне қалыпқа,
Бір алып күш "Оқы!" деді жар салып,
"Пайғамбарсың, ештеңеден тарықпа."
Болсадағы Меккеліктер наразы,
Ауыр тартар әділдік бар таразы.
Сахабалар қорғағанда Елшісін,
Мүшріктердің таусылды ғой жазары.
Сейілгендей күдік атты қара бұлт,
Мұхаммедке иланды енді қала, жұрт.
Махаббатқа шөлдеп тұрған рухтарды
Сусындатты Ол әкелген жаңалық.
Саған жаным құрбан болсын, ардақтым,
Үмметіңе жүк қалдырдың салмақты.
Өзің келіп кеуделерге орнаттың
Мейірім мен иман дейтін тармақты.
Лайықпыз ба мына біз үмметіңе?
Лайықпыз ба мына біз сүннетіңе?
Жер дейтін алып кілем жайып еді,
Аллаһым бір өзіңнің құрметіңе...
Саған деген сағыныш басылар ма?
Жалғасады қызметің ғасырларға.
Жәннат бақта кездесу өзіңменен
Бізге нәсіп болар ма, Расул Алла?
#теңізболамдегенде
© Бинұр Садақова







