Қазір өте ұзақ мәтін болғалы тұр.
1. Санкция деген не және ол қалай жұмыс жасайды? Неге өзгелер оны ұстанады?
Біздің контексттегі санкция – мемлекет өз заңнамасы аясында өзге елмен қарым-қатынасқа шектеу қою. Яғни Еуропалық Одақ былай дейді (жай мысал):
- Еуропалық және Еуропалық Одақ территориясында жұмыс жасайтын өзге де компанияларға Ресейге әскери техника сатуға, өзге елдердегі Ресейге әскери техника сататын компаниялармен кез келген жұмыс жасауға тыйым саламыз.
Яғни шектеу тек Еуропалық Одақ аясында жұмыс жасайды. Бірақ Еуропалық Одақ әлемдегі ең ірі инвестор, ең ірі экспортер мен импортер екендігін ескерсек (Әлемдегі 151 ел үшін Еуропалық Одақ ең басты сауда әріптес немесе Топ-3 кіреді, мысалы, Қазақстан үшін Еуропалық Одақ басты сауда әріптес), әлемдегі көптеген елдердегі үкіметтер мен компаниялар Ресейге тауар сатар алдында ойланады – "біз үшін Ресейге осы тауарды сатқанымыз жақсы ма, әлде басты сауда әріптесіміз, басты инвестор болып саналатын Еуропалық Одақпен жақсы қарым-қатынас па?". Өйткені Еуропа компаниясы Қазақстанға инвестиция құятын болса, ол Еуропа заңдарын бұзбау үшін Қазақстанда Ресеймен сауда жасамайтын салаларға инвестиция жасайды. Ал инвестиция тартуді көздейтін Қазақстан үкіметі де Еуропа заңдарын тікелей болмаса да, жанама түрде ұстануына тура келеді.
2. Басында жариялаған санкциялар жұмыс жасамаса, неге кейіннен де көптеген санкциялар жинағын жариялай береді? Біте ма санкциялар әлде жоқ па?
Жалпы 2022 жылдан бері Еуропалық Одақ, АҚШ, Ұлыбритания сынды дамыған елдер өзара ортақ санкция саясатын жүргізетін және әр 3-4 ай сайын толықтырып отыратын. Алайда АҚШ билігіне Трамп келген күннен бастап, яғни 2025 жылдың қаңтары мен 2026 жылдың тамызы аралығында, Еуропалық Одақ 6 жаңа санкциялар жинағын жариялап үлгерсе, АҚШ билігі ешқандай ірі санкциялар жинағын жасамады.
Неге санкциялар жинағын жариялай беретіндігін түсіндіру үшін екі мысал келтірейін.
Біріншісі – Еуропа:
«Еуропада жұмыс жасайтын компанияларға Ресейге әскери техника сатуға және Ресейге әскери техника сататын өзге елдердің компанияларымен жұмыс жасауға тыйым саламыз», – деп 2022 жылы айтса, бір ақылды адамдар техниканы Қырғызстанға сатып, Қырғызстаннан Ресейге сатуы мүмкін. Заң бұзылмады. Бірақ Ресей техника алды. Енді оны жабу үшін Еуропа келесі санкция жариялайды. Оны да айналып өту схемаларын ойлап тапқан соң келесісін жазады.
Екінші мысал – Еуропа:
«"Ромашка" компаниясы Украинаға қарсы қолданылатын дрондарды жинауға қатысады. Сол себепті Еуропа территориясындағы компанияларға "Ромашка" компаниясымен сауда жасау, ақша аудару және т.б. тыйым саламыз» – десе, "Ромашка" басшылығы компания атауын "Берёза" деп ауыстыра салса, заң бұзылмайды.
АҚШ пен Еуропа санкциялары Ресейге жүздеген миллиард долларға тең шығын әкелді және әкелуде. Бірақ Ресей уақыт өте келе оларлы айналып өту жолдарын тауып жатыр. Ал Еуропалық Одақтың 3-4 ай сайын жаңа санкциялар жинағын жариялауы дәл осы жолдарды (уақытша болсын) жабуға бағытталған. Осылайша қуаласпақ ойыны секілді Ресей қаша берсе, Еуропа санкциялары оны қуып жетуге тырысады.