ҰТО ӨҢІРЛЕРМЕН БІЛІМ БЕРУ ДЕРЕКТЕРІН ТАЛДАУ ТӘСІЛДЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
Тамыз конференциясы аясында Ұлттық тестілеу орталығы еліміздің өңірлеріндегі білім басқармаларының өкілдерімен стратегиялық сессия өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы бағалау рәсімдерінің нәтижелері және оларды өңірлердегі білім беру жағдайын егжей-тегжейлі талдау үшін пайдалану мүмкіндіктері болды.
Биыл білім беру нәтижелеріндегі өңірлік айырмашылықтар республикалық деңгейде ерекше назарға алынды. Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰБТ нәтижелерінің өңірлер бойынша айырмашылығына тоқталып, көрсеткіштері төмен облыстардағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Осыған байланысты стратегиялық сессия барысында ҰТО өңірлік білім басқармаларына ҰБТ нәтижелері бойынша кеңейтілген деректер жиынтығын ұсынды. Қатысушылар орташа балл динамикасын, шекті балдан өткен түлектердің үлесін, жекелеген пәндер бойынша нәтижелерді, өңірлер, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықтарды, сондай-ақ көрсеткіштердің бірнеше жыл ішіндегі өзгерістерін қарастырды.
Сондай-ақ көрсеткіштерді дұрыс салыстыру және нәтижелерді талдау кезінде ескерілуі тиіс қосымша деректер талқыланды. ҰБТ түлектердің жоғары оқу орындарына түсуге дайындығын бағалауға мүмкіндік береді және білім беру гранттарын тағайындау конкурсында пайдаланылады. Бұл ретте өңірдегі білім беру жағдайын талдау кезінде ҰБТ нәтижелері басқа көрсеткіштермен бірге қарастырылады.
Сессия барысында Педагогтердің білімін бағалау (ПББ) нәтижелері де ұсынылды. Деректер педагогтердің пәндік даярлық деңгейін талдауға, бағыттар бойынша айырмашылықтарды анықтауға және қосымша назар аударуды қажет ететін бағыттарды белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, оқушылар мен педагогтердің нәтижелерін салыстыру мәселесі қаралды. Мұндай талдау білім алушылардың нәтижелерін педагогтердің пәндік даярлығы туралы деректермен қатар қарастыруға және егжей-тегжейлі жұмысты қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір бағыт – кәсіптік бағдар беру. Өңір өкілдеріне оқушылардың қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтауға, сондай-ақ білім беру траекториясын таңдауға арналған құралдарды ұсынатын EduNavigator платформасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Стратегиялық сессияда ұсынылған материалдар өңірлерге білім беру жағдайын егжей-тегжейлі талдауға пайдаланыла алады.
10
1August 28, 2026 9.6K 3




