Елден жырақта жүргеніме бес күннен асты. Кеше кешкі ас уақытына қарай, күнұзаққа жалғасқан семинар-конференциядан шаршау бой көрсете бастағанда, бір кісі:
– Сіз қазақсыз ба? – деп сұрады.
Қарасам, қарсы алдымда жымиып қана тұрған, жасы елуді еңсеріп, алпыстың белесіне жақындаған бір аға.
Содан әңгіме өздігінен өрби жөнелді:
– Иә, аға, қазақпын.
– Мен Қазақстанда жұмыс істегенмін.
– Ооо, қай жылдары?
– 1993 мен 1996 аралығында.
– Қай қалада?
– Кентауда.
– Қандай пәннен сабақ бердіңіз?
– Математикадан.
– Қазір қайдасыз ?
– Осы халықаралық мектепте мұғалім болып істеп жүрмін.
– Қазақстанда небәрі үш жыл ғана тұрдыңыз ба?
– Иә, кейін бірнеше елде жұмыс істедім.
– Аға, қазақшаңызды тыңдап, риза болып тұрмын. Қалайша осылай таза сөйлейсіз?
– Кентауда үйрендім ғой.
– әлде жолдасыңыз қазақ па сонда?
– Жоқ, жолдасым – түріктің қара домалақ қызы.
– 96 жылдан бері практика болмаса да қазақшаны қалай ұмытпадыңыз?
– “Практика” емес, тәжірибеде.
- Сорри, аға.
– Сорри емес, “кешіріңіз” де.
– Ұялтпаңыз енді…
– Қалжың ғой.
– Шынымен, қазақ тілін ұмытпауға не түрткі болды аға?
– Адам жақсы көрген елінің, ұлтының тілін қалай ұмытады? Әлі күнге дейін Кентауды қатты сағынамын.
– Кентаудың қай жерін сағынасыз аға?
– Олай деме, жаңа ғана таныссақ та, ренжісіп қалмайық.
– Қалжың ғой, 😊
– Былтыр Кентау КТЛ-ге Түркістаннан үлкен ғимарат беріпті деп естідім. 30 жыл бойы кішкентай ғана балабақша ғимаратында отырып білім алғандарға бұл – Құдайдың үлкен сыйы болыпты. Біз сол шағын ғимаратта сабақ бердік, бірақ бізге ол жер зәулім сарайдай көрінетін. Біз ғимаратқа емес, балалардың көңіліне қарадық. Ата-аналардың ықыласына қарадық. Балалардың білімі мен тәрбиесі артып, жемісін берген сайын – біздің де көңіліміз тоқ болатын. Алғашқы халықаралық медальді менің оқушыларым – Шерханов Сәкен мен Нұрбол деген жігіттер әкелген еді. Білімге құштар сол балаларды көргенде, басқа ештеңе маңызды болмай қалады екен. Жә, басыңды ауыртпай-ақ қояйын. Кешкі асыңды іш.
– Уақытыңыз болса, бірге тамақтанайық.
– жақсы, Мен де как раз бір қазақты көрсем деп сағынып жүрген едім.
– “Как раз” деп, сіз де орысша қосып жібердіңіз ғой.
– Ондай-ондай ханның қызында да болады!
– Кентаулықтар жақсы үйретіпті сізге тілді.
– Кел, осы үстелге жайғасайық…
Сөйтіп, ағамызбен біраз сұқбаттастық. Бірталай қызықты естеліктерімен бөлісті.
59
17
12
3May 17, 2025 1.3K 2 5