Мамандық таңдау – өте жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, білімділігіне сүйену керек. Осы негізде медицина саласының маманы болсам деген мақсатта келген Қарағанды қаласының «Достық» оқу орталығының оқушыларына осы жылдың 15 сәуір күні Қарағанды медицина университеті КеАҚ есігін ашты. Сауалнама-тақырыптық экускурсияны Мансапты дамыту орталығы Симуляциалық және білім беру технологиялар орталығымен бірлесе ұйымдастырды.
Оқушыларды практикалық дағдылар орталығының жетекшісі Кемелова Гүлшат Сейтмуратовна қарсы алып, алғы сөз сөйледі.
Экскурсия барысында СББТО жаттықтырушылары Нурекешова Роза Жайбергеновна, Тимахович Марина Владимировна, Сапарова Аруна Сериковна арнайы манекендер арқылы жедел аурулар мен жарақаттарда алғашқы көмек көрсету, жарақат алу салдарынан қан кету, күйік, үсік және байлау, таңу бөлмесінде әдетте сынған мүшені ауыртпау, буын шығуын орнына салу, отаға дейінгі кезеңдер мен операциялық стол, құрал-саймандар және таңба, байлау заттарын қоятын операциялық мейіркештің столдары, хирургтың құрал-сайман столы жайлы практикалық дәрістер жүргізді. Сонымен қатар оқушылар жансыздандыру және қан ағуын тоқтату, операция кезінде зақымдалған тіндердің бүтіндігін қалпына келтіру бойынша өз бетінше жаттығулар жасап көрді.
Мансапты дамыту орталығынының басшысы Токжуманова Гульжанат Маратовна талапкерлерге білім беру бағдарламалары, оқу форматы, кәсіптік қызмет салалары және академиялық ұтқырлық жайлы мазмұнды видеороликтер көрсетіп, қажетті ақпараттар берді. Оқушылармен «Сен медицинаны қаншалықты жақсы білесің?» атты викторина өткізді, онда талапкерлер жоғары білім деңгейін көрсетті.
Экскурсия соңы кері байланыс негізінде сұрақ жауаппен аяқталып, оқушылардың медицина саласына деген талпыныстарына қанат бітіп, қызығушылықтары артты. Оқушылар Мансапты дамыту орталығына осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін өз алғысын жеткізді.
April 18, 2023 2.3K