Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтына биыл қабылданған талапкерлер қатарында егіз ағайындылар – Ерасыл мен Нұрасыл Ұлықмановтар бар.
Ағайындылар бұған дейін 85395 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарған. Ерасыл мен Нұрасыл әскери қызмет өткеру кезінде әскери мамандыққа қызығушылық танытып, болашақтарын әскери қызметпен байланыстыруға бел буды. Осылайша, олар әскери институтқа түсіп, кәсіби офицер атануды алдына мақсат етіп қойды.
Қабылдау кезеңіндегі маңызды сәттердің бірі – мандаттық комиссиядан өту. Егіздер бұл кезеңнен де бірге өтіп, әскери білім алуға деген ортақ мақсаттарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Нәтижесінде қос талапкер де мандаттық комиссиядан сәтті өтіп, әскери институтқа қабылданды. Ең қызығы, ағайындылар бір взвод құрамына түсіп, бір рота сапында білім алатын болды. Осылайша, олар курсанттық өмірдің жаңа кезеңін де бірге бастады.
«Біз әскери қызметті 85395 әскери бөлімінде сарбаз ретінде бастадық. Сол жерде әскери өмірдің қыр-сырын көріп, офицер болуға шешім қабылдадық. Енді әскери институтта да бірге білім алып, бір взводта, бір рота құрамында әскери өмірімізді жалғастыратын болдық. Бұл біз үшін үлкен қуаныш», – дейді Ерасыл мен Нұрасыл.
Бүгінде егіздер әскери институттың курсанттары атанды. Алда оларды әскери білім мен кәсіби даярлықтың жаңа кезеңі күтіп тұр. Теориялық біліммен қатар, олар тактикалық, дене шынықтыру және далалық даярлық бағыттары бойынша білімдері мен тәжірибелерін жетілдіретін болады.
Бір мақсат, бір сап, бір ротадағы Ерасыл мен Нұрасыл Ұлықмановтар сарбаздан болашақ офицерге дейінгі жолды бірге бастап, енді әскери институт қабырғасында да бір взводта білім алып, Отан алдындағы қызметке бірге дайындалатын болады.


