ҚАЭС өкілдері атом саласындағы әйелдердің семинар-конференциясына қатысты.
23 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның (ҚАЭС), «Росатом» мемлекеттік корпорациясының, Nuclear SocietyKazakhstan, Atomic Industry Development Association, Қазақстанның атом саласындағы әйелдер қауымдастығының және Women in Nuclear Russiaұйымының өкілдерін біріктірген «Әйелдер қанаты» семинар-конференциясы өтті. Іс-шара барысында қатысушылар атом энергетикасын дамытудағы әйелдердің рөлі, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және саланың үздік тәжірибелерімен алмасу мәселелерін талқылады.
Семинарды «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының директоры, WiN Kazakhstanұйымының президенті, Өнеркәсіп пен технологиялар саласындағы әйелдерді қолдау және дамыту жөніндегі халықаралық кеңестің төрайымы, іс-шара модераторыСейфуллина Тоғжан Амангелдіқызы, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Махамбетов Әсет Кеңесбекұлыжәне «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының персонал жөніндегі орынбасары Терентьева Татьяна Анатольевна құттықтау сөз сөйлеп ашты.
Іскерлік бағдарлама аясында «ҚАЭС» ЖШС бас директорының кеңесшісі Нәлібаева Гүлжан Қалижанқызы«Атом энергетикасы – адам капиталын дамытудың драйвері: Қазақстандық атом электр станцияларының әйел келбеті» тақырыбында баяндама жасап, компанияның кадрлық әлеуетті дамыту және Қазақстанның атом саласындағы әйелдердің рөлін арттыру бағытындағы тәжірибесімен бөлісті.
ҚАЭС өкілдерінің халықаралық салалық іс-шараға қатысуы компанияның адам капиталын дамытуға, әйелдердің кәсіби әлеуетін арттыруға және атом энергетикасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұстанымының айқын көрінісі.
July 23, 2026 131