Балабақша есепшісі 30 млн теңгені жымқыру бойынша күдікке ілінді… — Қазақстан Бас прокуратурасы — TG.ME

Балабақша есепшісі 30 млн теңгені жымқыру бойынша күдікке ілінді
 
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденді деп күдіктелуде.

Аудан прокуратурасының жүргізген тексерісі нәтижесінде балабақша есепшісі өзіне штаттық кесте бойынша бекітілген еңбекақыдан жоғары мөлшерде қосымша қаражатты өзінің банктік есеп-шотына 5 жыл бойы негізсіз аударып келгені анықталды.

Осы факт бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену), тергеу жүргізуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Осы норманың санкциясы кінәлі тұлғаның мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.
 
Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының сайтына сілтеме:

https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-zko/press/news/details/1282520?lang=kk

🌐 https://t.me/GenPr

Facebook | Instagram | YouTube | Сайт ГП
August 31, 2026 750 3