1 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінде сақшылар жаңа оқу жылының басталуына арналған іс-шаралар барысында балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.
Әрбір білім беру ұйымына полиция қызметкерлері мен аумақтық бөлімшелердің жауапты басшылары бекітілді. Патрульдік полиция жасақтары мектептерде өтетін іс-шаралар ұйымдастырылатын орындарға барынша жақын болды.
Білім күні балалармен профилактикалық жұмыс жүргізуге ерекше назар аударылды. Мектептердегі салтанатты жиындарда полиция қызметкерлері оқушыларға қауіпсіз жүріп-тұру, жол қозғалысы ережелерін сақтау және құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік туралы еске салды.
ІІМ бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері еліміздің барлық өңірінде 7 мыңнан астам дәріс пен тақырыптық әңгіме өткізді. Бастауыш сынып оқушылары үшін жол қозғалысы ережелеріне арналған арнайы боямақтар әзірленіп, қауіпсіздік туралы білімдерін ойын түрінде бекітуге мүмкіндік жасалды.
Профилактикалық жұмыстарға жас жол инспекторлары мен “Жас сақшы” сыныптарының оқушылары да атсалысты. Бүгінде еліміздің 238 мектебінде 264 “Жас сақшы” сыныбы жұмыс істейді. Онда 5,3 мыңнан астам оқушы білім алуда. 1 қыркүйекте Астана және Шымкент қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Жетісу облысында тағы 10 осындай сынып ашылды.
“Жас сақшы” сыныптарының оқушылары полиция қызметкерлерімен бірге өз қатарластары арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тақырыптық іс-шараларға қатысады. Сондай-ақ оқушылардың заңға бағыну және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.
ЗАҢМЕНТӘРТІП